Бәйтерек ауданында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафонын» бастады.
Жалпыұлттық жоба ауданның барлық ауылдық округтерінде қолдау тауып, түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Мысалы, меценаттардың қолдауымен Январцев ауылында 5 отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылса, Көшім ауылдық округінің жастары ауылда тұратын ауған соғысы ардагерлерінің үйіне барып, естелік сыйлықтар табыс етті.
Игі істен «Асан-Аул» ЖШС-нің директоры, ауданның құрметті азаматы Бейбіт Асанов та шет қалмай, ауыл жастарының күреске деген қызығушылығын арттыру мақсатында өз қаражатына тұрғызған мәдени-спорт кешеніне 18 дана татами алып берді.
Сондай-ақ, "Мейірім - жүректен, қайырым - ниеттен" қайырымды істер марафоны аясында, Макаров ауылдық округі, Садовое ауылының жастары аз қамтылған отбасында туған баланың туған күніне коньки сыйлады. Ал Раздолный ауылында тұратын көпбалалы ана Сановар Назарымбетоваға аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Алексей Герасимов «Күміс алқа» табыстады.
Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған игі шараға аудандық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Тілек Залмұқанов та үлес қосты. Ол Янайкин ауылдық округінің Батурин мектебін терезе жалюздерімен қамтамасыз етті. Ал Белес ауылдық округінің әкімдігі «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты қарияларды азық-түлікпен қамтыды.
Ең ерекше көмекті Егіндібұлақ ауылының жастары көрсетті. Олар алдымен «30 игі іс» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға көмектессе, кейін ауыл маңындағы қараусыз қалған иттерді ұстайтын орындағы мақұлықтарға қажетті азық-түлік алып берді.
«Қайырымды істер марафоны» мен «Мектепке жол» акциялары аясында Рубежин ауылдық округінің «Рубежинское» АШК және «Мырзаджан» шаруа қожалықтары мектептің күрделі жөндеуіне ЖСҚ дайындауға демеушілік көмек етті. «Рубежинское» АШК мектеп жанындағы балабақшаға жаңа есік қондырып берді.
Ал Зеленый ауылдық округінде тыл еңбеккерлері азық-түлік себеттерімен қамтылса, Краснов мектебінің 1991 жылғы түлектері өз мектебіне қайырымдылық жасады.
Аталмыш жоба аудан аумағында әлі де жалғасатын болады.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz