Партия күніне орай «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Әлия Биғазықызының қатысуымен салтанатты қабылдау өтті. Аталмыш іс-шараны «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Светлана Бәйтенова жүргізді.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен бастаған филиал төрағасы алдымен Тәуелсіз қазақ мемлекетінің саяси сахнасында жиырма екі жыл бойы салтанат құрып, елмен бірге дамып, халықпен қатар жасасып, заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келе жатқан партиямыздың бүгінгі мерейлі мерекесі кезекті тарихи меже ғана емес, егемен Қазақстанның жылнамасындағы маңызды бір белесі екенін атап өтіп, партияластарды ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
- Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында «Nur Otan» партиясы ел мүддесі мен мұратын өзіне міндеттеген және осы ұстанымын қорғай білетін саяси ұйым екенін дәлелдеп отыр. Біз ортақ іске жұмылған жұдырықтай кіріскенде ғана қуатты, демократиялы әрі бәсекеге қабілетті, жаңаша жаңғырған Қазақстанның жарқын болашағын жасай аламыз. Бірлігіміз бен барымызды бағалау арқылы берекеге қол жеткіземіз, - деп атап өтті Әлия Мұханбетжанова.
Партия күніне орай жаңадан қабылданған партия мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Жаңадан партия қатарына қосылған азаматтар атынан сөз алған жас маман Индира Ерланқызы құттықтауын жеткізді.
Салтанатты шара барысында партияның мақсаттары мен міндеттері туралы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрлыбек Қайыржанов баяндама оқыды. Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаты, мәслихат хатшысы Сағын Қазиев партия қатарына қабылданған партия мүшелерін құттықтап, жетістіктер тіледі.
Айбарша Аймырзақызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz