Бүгін Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-алаңында Орал қалалық №6 емханасы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Болат Иманғалиев онлайн сұқбатқа қатысты.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастамасымен 2021 жыл – бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы болып белгіленіп, бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Басты мақсат – бастауыш кәсіподақ ұйымдарына ерекше көңіл бөліп, олардың жұмыстарының жандануына қолдау білдіріп, кәсіподақ қозғалысының ағынына белсенді ілестіру.
Бүгінде «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің медиа-алаңында өңірдегі бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен еркін сұқбат өткізіліп, кәсіподақ көшбасшыларының жұмыстарымен етене танысу шаралары жасалуда.
«Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы ерекше назар қоюды қажет ететін бірлестік деп білемін», - дейді бүгінгі сұқбат алаңының қонағы Болат Серікұлы.
- Дәрігерлер мен мұғалімдер кәсіподақ қозғалысының ең маңызды платформасы. Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымымызда 605-ке жуық қызметкер бар. Бірлестіктегі басты күшіміз – бірліктің болуы деп ойлаймын. Ел қайғырып, ерлеріміз етікпен су кешкен төтенше жағдай кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымымыз өзінің қайырымдылық шараларымен, әлеуметтік осал топтарға көрсеткен медициналық-гуманитарлық қолдауларымен көзге түскен болатын. Бастауыш кәсіподақ ұйымы құрамындағы денсаулық сақтау саласы мамандарына үнемі еңбек заңнамалары аясында семинарлар өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттаушы іс-шараларға мұрындық болып келеді. Бұл белсенділігіміз әрі қарай Бастауыш кәсіподақ жылы бастамасы аясында көрініс табатын болады деп сенемін! - дейді ол.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ