5.03.2021, 12:39
Оқылды: 61

Медиация немесе келісімге келу

Редакциямызға Орал қаласының тұрғыны А.Тұрмағамбетовадан сұрақ түсті. Ол медиацияға қатысты қызығушылығын білдіріп, көршісімен арадағы жерге қатысты дауды шешуін сұрап, бірқатар құжаттарды қоса тіркепті. Біз, әрине, хатта жазылған мәселе медиация арқылы сөзсіз шешіледі деп айта алмаймыз, бірақ ол медиация арқылы қаралуға жатады. Яғни сұрақ иесіне Орал қаласындағы, өзі сенім артқан, кез келген медиаторды таңдап, жүгінуге кеңес береміз.

DAB6977C-4379-4D10-A9AB-25B616E8CA7F

Осыған байланысты біздің тарапымыздан Батыс Қазақстан облысы, оның ішінде Орал қаласындағы медиаторларға қатысты шағын шолу жасалған болатын. Жалпы, ашық ақпараттардан белгілісі, облыс бойынша барлығы 200-ге жуық медиатор бар екен. Бірақ олардың бәрі бірдей қызу жұмыс істеп жатыр деп айтуға келмейді. Себеп – тұрғындар тарапынан әзірге қызығушылық төмен. Мүмкін, бұл ақпараттардың, оның ішінде қазақ тіліндегі ақпараттың жеткіліксіздігінен бе?

Татуластыру орталығы – Орал қаласы, Сарайшық көшесі, 47 үйде орналасқан. Сол мекенжайда құқық қорғау құрылымдарының қызметі де көрсетіледі. Яғни сізге кәсіби заңгерлер, сот орындаушылары мен прокурорлар мәселеңіз бойынша ақыл-кеңестерін береді.  

Біз хабарласқан медиаторлардың тарапынан өз қызметтері туралы айтудан үзілді-кесілді бас тартқандары да  болды. Тағы бір медиаторлар әзірге ол салада қызметтерін тоқтатып қойғандарын айтса, бірі тұрақты мекенжайы, қызмет көрсететін уақыттарын айта алмады, енді бірі қазақ тілінде ақпарат беруге қиналды. Сондықтан біз қойған сұрақтарға толыққанды жауап бере алған бұрынғы ҚазИТУ, қазіргі Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті жанынан ашылған «Татулас» медиациялық кабинеті туралы  аз-кем  ақпарат бере кетелік.  

Кабинет 2019 жылдың қараша айында Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы А. Жұмағұловтың бастамасымен ашылған. Ашылу рәсіміне БҚО медиаторлар одағының төрайымы Алуа Ракишева және университеттің ректоры А.Баяхов, профессорлық оқытушылық құрамы мен құқықтану кафедрасының студенттері қатысқан. Осы арқылы университет бір оқпен екі қоян атып отыр. Біріншіден, елге тегін құқықтық көмек берсе, екіншіден, студенттерге өз білімін тәжірибеде шыңдауға таптырмас мүмкіндік.

Мысалы, «Татулас» медиация орталығының  ұйымдастыруымен медиаторлар және студенттер БҚО облыстық соты, әкімшілік мамандандырылған соты, екі қалалық соты, РУ171/1 тергеу изоляторына студенттердің білімдерін шыңдау және құқықтық тәрбие жүргізу мақсатында тәжірибе алмасып отырады. Орталық медиаторларының құрамына қорғаушы Е.Қарағойшиев, «Наурыз» қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Черкесов, философия ғылымдарының докторы А.Құттығалиева, заң магистрі Э.Мұратова кіреді екен. Орталықта осы кезге дейін тараптардың татуласуымен  бес азаматтық талап-арыз, 15 әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша заңдық көмек көрсетілген. Бес қылмыстық іс бойынша қорғаушы Е.Қарағойшиев сот отырысында өкілдік еткен.

Орталықтың мекенжайы М.Мәметова көшесі 81, 304-бөлме, қабылдау уақыты аптаның әр сәрсенбі, бейсенбі күндері сағат 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін.

 Сұрақ:

– Мен вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Бұрын вахтамыз 28 күндік болса, қазір пандемияға байланысты 56 күнге ауысты. 28 күн болғанда кезекті еңбек демалысымызды 24 күнге беретін. Ал  енді 56 күн болғандықтан, компаниямыз сіздердің негізгі жұмыс уақыттарыңыз соғылады дейді. Яғни 28 күндеріңіз есептеледі де, қалған жартысы овер тайм ретінде жасалып, ол еңбек демалысына соғылмайды деген сылтаумен жылына алатын кезекті еңбек демалысымызды 14 күнге қысқартты. Яғни бұрын демалыс ақысын толық алсақ, қазір жартысы ғана төленеді дейді басшылық. Олардың бұл әрекеті заңды ма?

@ bekzatyeskendiruly

Жауап:

 – Жалпы, еңбек заңнамасына қатысты сұрақтар көпшілікті алаңдататынын ескере отырып, бұл сұраққа жан-жақты әрі тыңғылықты жауап бере кеткенді жөн көрдік.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес және Бекзат Ескендірұлының маған жіберген ақпараттар шегінде жұмыс берушінің бұл шешімін келесі негіздер бойынша заңсыз деп есептеймін.

Біріншіден, қолданыстағы ҚР Еңбек кодексінің 9-бабында еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар бекітілген. Оған сәйкес «айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» ҚР  Заңына сәйкес еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады. 2015 жылғы 19 мамырда №314-V санымен «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» ҚР заңы қабылданған болатын.

Осы заңның 1-бабында пайдаланылатын негізгі ұғымдар ретінде 3) ең төмен әлеуметтік стандарт  әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ететін, ҚР заңдарында белгіленген көрсетілетін қызметтердің, ақшалай төлемдердің және өзге де талаптардың ең аз көлемі екендігі көрсетілген. Сонымен қатар осы заңның 15-бабында «Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы» ең төмен әлеуметтік стандарты жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы  ұзақтығының  нормаларын қамтиды  деп  бекітілген.

Енді жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы ұзақтығының нормалары қандай деген сауалға тоқталсақ. Ол қолданыстағы Еңбек кодексінің 88-бабында көзделген. Оған сәйкес «егер осы кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделме се, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. Яғни жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы ұзақтығының ең төменгі нормасы жиырма төрт күн екен. Енді жұмыс беруші тарапынан осы норманы шектеу құқығы көзделген бе, жоқ па? Жоқ. Оған қатысты, ҚР Еңбек кодексінің 70-бабы 2-бөлігінде: «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды» деп нақты көрсетілген. Яғни белгілі бір себеппен жұмыс күндерін толық атқармасаңыз да, сіздің жыл сайынғы   ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын шектеуге заң бойынша тыйым салынған. Ал сіздің жағдайда жұмыс күндері  толық атқарылып отыр. Осы айтылғандардың негізінде сіздің сұрағыңыз бойынша басшылық тарапынан қабылданған немесе қабылданғалы отырған шешім заңсыз деп есептеймін. Сонымен қатар еңбек саласындағы бірден-бір уәкілетті құрылым – еңбек инспекциясы. Аталған инспекция сұраққа жауап берумен шектелмей, компанияға тексеру жүргізіп, шара қолдануға да құқылы  екенін  қаперіңізге  саламын.

 Сұрақ:

Сәлеметсіз бе? 1,5 жылдан бері несиемді төлей алмай жүрмін. Төрт балам бар, оның екеуі әлі үш жасқа толмаған. Күйеуім бес жылға сотталып кетті. Банктен неше түрлі сөздер айтып, сотқа береміз деп қорқытып, күнде хабарласады. Бірақ қазір несие төлейтін ешқандай мүмкіндігім жоқ. Төрт балама әлеуметтік жәрдемақы аламын. Кішкентайым үш жасқа толғанша тоқтата тұрыңыздаршы деген өтінішіме де құлақ аспайды. Қандай кеңес бересіз?

@ zharasbaevagulsum

Жауап:

– Сіздің басыңыздағы жағдайдың қаншалықты ауыр екенін  түсініп отырмын. Өкінішке қарай, сіз бен банк арасындағы келіссөздер ауызша немесе жазбаша нысанда жүргенін және несиені қай банктен, қандай мақсатта алынғаны хатыңызда көрсетілмепті. Ол ақпараттар өте маңызды, себебі 2020 жылдың наурыз айында Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге  асырылған, Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары бойынша жеке тұлғалар мен шағын кәсіп иелеріне  банк несиесін 1 айдан 90 күнге дейін кейінге қалдыру көзделген болатын.

Аталған Үкіметтік жоспарда басқа да қолдау тетіктері қарастырылған. Сол себепті сізге, өз басыңыздағы жағдайды толық көрсете отырып, банкке жазбаша өтініш түсіруге, егер берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, бірінші деңгейлі банк болып табылатын ҚР Ұлттық Банкіне жүгінуге кеңес беремін.  

Абзал Құспан,

адвокат,

"Заң және біз" арнайы қоғамдық бетінің редакторы

Суреттің дереккөзі: advgazeta.ru

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале