Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ауқымында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама тобының кеңейтілген отырысы ZOOM платформасы арқылы өтті.
Жиынды БҚО ҚХА ғылыми-сараптама тобының басшысы, М.Өтемісов атындағы БҚУ басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы, профессор Нұрлан Серғалиев ашып, биыл 30 жыл толғалы отырған Тәуелсіздігіміз ата-бабалардың арманы, аманаты екендігіне тоқталып, оның жастарды тәрбиелеудегі мән-маңызын кеңінен баяндады.
– Әрбір өткен онжылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Карантин кезінде ұлтына, дініне қарамастан тұрғындар науқас жандарға қолұшын беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Біздің мүддеміз – еліміздің өркендеп, гүлденуі. Осы мақсатта жұртшылық болып, жұмыла жұмыс істей береміз, - деді ол.
Кеңейтілген отырыста М.Өтемісов атындағы БҚУ «Рухани жаңғыру» институтының директоры, профессор Абат Қыдыршаев «Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздік: ұлттық құндылықтар аясындағы пайым-тұжырымдар және жастар тәрбиесі» атты баяндама жасады. Ол алдағы жыл- межелі кезең болатынын айта келіп, еліміз осы маңызды датаны нақты істермен, тың жобалармен қарсы алатынын айтты.
– Алғашқы онжылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болса, екінші онжылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші онжылдықта еліміз, шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды, - деді Абат Сатыбайұлы.
Жиында сондай-ақ БҚО ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов сөз сөйледі. Кеңейтілген отырысқа қатысушыларды БҚО ҚХА ғылыми-сараптама тобының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен М.Өтемісов атындағы БҚУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев таныстырса, БҚО ҚХА жұмыс жоспары туралы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова мәлім етті. Жиын соңында шараға қатысушылар пікір алмасып, ғылыми-сараптама тобы мүшелерінің ұсыныстарын тыңдады.
Нұрымбек Өтей,
zhaikpress.kz