9.03.2021, 10:03
Оқылды: 17

Пилоттық жоба халыққа жол тартты

Өткен жылы Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінде ауыл тұрғындары мен аудан әкімі Алдияр Халеловтың қатысуымен өткен жиынды газет беттеріне жариялаған болатынбыз. Аталмыш жиында аудан халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба туралы әңгіме болғанын да жаздық. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлының сол кездегі тапсырмасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін арттыру үшін жоба әзірленіп, ауыл тұрғындары алдында түсіндіру жұмыстары жүргізілген еді.

пил1

Аталмыш жиын барысында аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы алдымен сөз алып, жобаны жан-жақты түсіндіре кетті.

– Аудан бойынша ірі қара малының 32,8%-ы, ұсақ малының 46,4%-ы және жылқының 23,4%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімнің негізі еттің 56%-ы және сүттің 62,9%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп отыр. Өздеріңіз байқағандай, соңғы үш жылда шаруа қожалықтарындағы мал басы 15,1 пайызға өссе, жеке сектордағы мал басының өсімі 1,8 пайызға кеміп отыр. Сонымен қатар аудандағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріндегі мал басының 29,7 пайызға кемуі байқалады. АӨК мал басының кемуі соңғы жылдардағы субсидиялау ережесінің өзгеруінің салдары деп түсінеміз. Мұның негізгі себептері де бар. Біріншіден, мал ұстаудың өзіндік құнының, яғни жемшөптің бағымның қымбаттауы себеп болса, екіншіден, жылма-жыл мал тұқымының сапасы әлсіреп, зоотехникалық нормаларға сәйкес төл алу индексінің төмендеуі және ауыл шаруашылығы жануарларының жаппай жұқпалы ауруларға шалдығуы мал санының артуына теріс әсерін тигізеді. Үшіншіден, мал жайылымының тозуы мен жетіспеушілігі, суаттың тапшылығы және жеке қосалқы шаруашылықта өндірілген өнімдерінің өткізілу жүйесінің болмауы да жақсылыққа апармай тұр. Төртіншіден, мемлекеттік қолдау шараларына жеке қосалқы шаруашылықтар қатыса алмауда. Аталмыш жобаны дайындау барысында қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға өз деңгейін сараптама жасады. Қазіргі таңда тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған жалғыз ғана Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бар. Аталмыш бағдарлама да жұмыссыз тұрғындарға алты пайыздық, аз қамтылған отбасы мүшелері мен көп балалы отбасы мүшелеріне төрт пайыздық мөлшермен несие беру көзделген. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін шаруашылығын дамытатындай жағдайда емес. Себебі ауылдағы кепілдік мүліктің құны 4-5 млн теңгеден аспайды. Сәйкесінше алынатын несие мөлшері 2-2,5 млн көлемінде ғана. Бұл сомаға тек мал алуға ғана мүмкіндік бар. Ал 2,5 млн несиеге 12 құнажын алып өсірсе, барлық шығысы мен кірісін есептегенде бес жылдағы өсімі 22 басты ғана құрайды. Сайып келгенде, бес жылдың ішінде тек 10 басқа ғана өсіп отырғанына көз жеткізесіз. Өсім баяу ма? Баяу, – деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.

Жерің болса, жұмыссыз қалмассың...

пил2

– Несие алып, мал басын көбейткен тұрғындардың алдынан шығатын үлкен мәселе – жайылым жағдайы. Қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері тек конкурс арқылы беріледі. Ол конкурсқа несие алып, шаруашылығын дамытуға ниеттенген жұмыссыз азаматтармен қатар әлеуетті шаруа қожалықтары қатысады. Нәтижесінде шаруа қожалықтары жерлерін ұлғайтады да, ал жаңа бизнес бастаушылар жер ала алмайды. Соның салдарынан тауы шағылып, мал өсіруге деген құлшынысы азаяды. Арты әлеуметтік шиеленіске ұласады. Аталмыш бағдарламаның көп тұстары жұмыссыз азаматтарды емес, шаруа қожалықтарының жағдайын жақсартуға бағытталғандай. Себебі жеке тұлға «Еңбек» бағдарламасының игіліктерін толыққанды көре алмай, тек несие алумен ғана шектелуде. Осылардың барлығын саралай келе жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың бірден-бір жолы «ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері» деген тоқтамға келдік. Біз ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру арқылы келесілерге қол жеткіземіз. Алдағы уақытта конкурссыз негізде ауыл шаруашылығы жерлерін алуға мүмкіндік туады. Лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алу мүмкіндігі және селекциялық асылдандыру жұмыстарына қатысу арқылы мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Мал басын асылдандыру арқылы өнім сапасын арттырып, одан әрі ұйымдастырылған мал бағымының жүзеге асырылуына жол ашылады. Маусымдық, тұрақты және әлеуметтік жұмыс орындарының ашылатындығы айдан анық. Сонымен қатар ветеринарлық қауіпсіздік шараларымен қамтылуы да бар. Жеке қосалқы шаруашылықта өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін жүйелі және кепілді түрде өткізіледі, - деді аудан басшысы Алдияр Халелов.

Біз осыларды зерделеу мақсатында Тасқала ауданының Мерей ауылдық округі негізінде талдау жүргіздік. Мерей ауылдық округінде 389 аула тіркелген, оның 22-сі қазіргі күні бос тұр. Нақты адам тұратын 367 ауланың 266-сы жеке қосалқы шаруашылықпен айналысады. Қазіргі таңда жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын 266 ауланың 1161 тұрғынының жан басына шаққандағы жалпы бір айлық табыс көлемі орташа есеппен 50,3 мың теңгені құрайды. Қаржылай табыс көлемі – 30 мың теңге. ЖҚШ-дан түсетін кіріс көзі – 20,3 мың теңге. Жеке сектордағы 266 ауланың ішінде 92%-ы немесе 246 аула жеке қосалқы шаруашылықтарында мал мен құс өсіреді. 2020 жылдың 1 қаңтарына жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелген мал мен құс саны: ірі қара – 1506 бас, қой мен ешкі – 4122 бас, жылқы – 513 бас, құс 6207 басты құрады. Жеке қосалқы шаруашылықтағы тіркелген мал саны айналымын 5 жылға қазіргі жағдаймен есептегенде орташа өсу пайызы төмен болатыны анықталып отыр. Осы қарқынмен алдағы бес жылда жеке қосалқы шаруашылықтағы ірі қара мал басы 6,5%-ға (98 бас), ұсақ мал басы 10%-ға (412 бас) артатыны байқалады. Мерей ауылдық округінің жеке қосалқы шаруашылықтарының басын қосып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, қолданыстағы бағдарламаларға сәйкес дамытқанда бес жылда жеке қосалқы шаруашылықтағы бұдан әрі ауыл шаруашылығы кооперативіндегі ірі қара мал саны 59,3 пайызға (894 бас), ұсақ мал 40 пайызға (1648 бас) дейін өседі. Мұның сыртында 457 бас ірі қара үшін 2555 гектар, 155 жылқы үшін 1085 гектар, жайылымның мәселесі оң шешімін тауып белгіленген жерлерге бағылады. Осы арқылы 10 маусымдық, 1 тұрақты бақташылыққа және АШӨК құрамындағы 2140 шартты мал басына 3947 тонна мал азығын (шөп) арзандатылған бағамен дайындау үшін 11 механизаторға маусымдық жұмыс орны ашылады. Алынған өнімдерді сату шаралары жүйеленеді. Мемлекеттік қолдау арқылы 5 жылда жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын 266 ауладағы 1161 тұрғынның жан басына шаққандағы бір айлық табыс көлемі орташа 221 пайызға (113,5 мың теңге) артады.

Ең төменгі пайыздық мөлшермен берілсе...

пил3

Аталған жиын барысында бірнеше сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар да қайтарылған еді. Яғни пилоттық жобаның халыққа бекерден-бекер жол тартпағандығы белгілі болды.

– Тағы да қайталап айтамын бұл талдау бүгінгі бағдарламалар шеңберінде ғана жасалды. Өзіңіз көріп отырғандай, біз халықтың басын қосу арқылы кооперативтерді құрып, аудандық, облыстық деңгейде келесі мәселелерді шеше аламыз. Оларға ауыл шаруашылығы жерлерін беріп, мал бағымын ұйымдастыру арқылы ұрлық, жол қауіпсіздігі мәселелерінің алдын аламыз. Ветеринарлық мәселелер де шешілер еді. Мал басын асылдандыру жұмыстары да жүргізіліп, суландыру (Киров - Шежін каналы, ауылдар маңында қараусыз қалған бөгеттер) жүйелерін жандандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілді түрде өткізу және жаңа жұмыс орындарын ашу. Егер де болашақта кооперативтердің мәселелері оңтайлы шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін республикалық деңгейде келесі мәселелерді шешу қажет. Алдымен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне шағын кәсіпкерлік субъектілері сияқты салықтық мораторий жариялау керек. Содан соң «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына» толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін арнайы тарау қосылу қажет. Аталмыш тарауда мына мәселелерге басты тоқталған жөн. Әрбір кооператив мүшесіне әлеуметтік статусына қарамастан ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен аналық ірі қара және ұсақ мал алу үшін несиелер берілсе... Сол кезде ғана шағын несие алушылардың саны артып кооперативтегі мал саны көбейіп, субсидия көлемі ұлғаяды. Ол тиісінше кооперативтің әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникаларын және шағын цехтар ашу ең төменгі пайыздық мөлшерде ірі көлемде несиелер берілсе және кооперативтің малын арзандытылған жем-шөппен қамтамасыз етуге, сонымен қатар өз шикізатын өзі өндеп, жүйелі түрде сатылымға шығаруға қол жеткізіледі. «Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысына өзгерістер мен толықтырулар арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне берілетін субсидияның мөлшерін ұлғайтуды ұсынамыз, - деген аудан басшысы өз жоспарымен бөлісті. Біздің осы ұсыныстарымыз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлаған жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау шаралары ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілсе, Президент Жолдауындағы мәселелер оңтайлы шешіліп, тұрғындардың тұрмыс деңгейінің артатыны және сапалы азық-түлікпен қамтылуға мол мүмкіндік болары анық.

Үміттенгеннен үлгі алған ұтады

Пилоттық жобаның іске қосылған кезінен бастап жағымды жаңалық ауыл-аймақты аралап кетті. Бірі ойлануға тұратын шаруа екен десе, енді бірі көп ойланбай-ақ іске кірісті. Себебі мақсаты айқын, көзге көрініп тұр. Тек қолға алып, жұмыс істесең болды.

– Өткен жылы Ақтау ауылдық округінен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін үш адаммен құрдық. Қазіргі таңда 140 бастан астам ірі қара малымыз бар. Кезінде «Ерсариев» жеке қожалығы болып құрылғанбыз. Аудан басшысының жаңа пилоттық жобаларын естіп, қуанып қалдық. Содан соң ауылдағы ағайынмен ақылдасып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруды жоспарладық. Ондағы мақсат АӨК құру арқылы жер теліміне қол жеткізу еді. Себебі қазіргі таңда жеке қожалық арқылы жер телімін алу оңайға соқпай тұр. Бұл жерде тек қана жер телімін алу емес, сонымен қатар ауылдың әлеуетін көтеру де дұрыс жолға қойылар еді. Болашақта егіс егіп, шаруамыздың ауқымын кеңейткіміз-ақ келеді, - дейді «Ерсариев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі Нұрбек Ерсариев.

Осындай үлкенді-кішілі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері өткен жылдан бастап Тасқала ауданына қарасты әр ауылдық округтен құрыла бастады. Бұрындары ашылып, бірақ кейін жұмысы жүрмей қалған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қайтадан жандана бастады. Ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шаруаның алға басуына атсалысып жүрген азаматтар да бар. Осы жерде мысал келтіре кетсек, ІІ Шежін ауылында өткен жылдары АӨК құрылған болатын. «Чижа-2 Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің қазіргі таңдағы жұмысы айтуға тұрарлықтай. Ауыл тұрғындары көктем шыға біздің жақтың малына бақташы табылар ма екен деп уайымдамайтын болды. Жазғытұрымнан қара күзге дейін Шежін ауылының малы төрт бағытқа бағылады. Төрт бағытта төрт бақташы атпен бағып, малды көзінен таса қылмайды. Олардың ай сайынғы еңбек ақысын «Чижа-2 Агро» АӨК-і төлейді. Бұл үшін шежіндіктер бірде-бір тиын төлемейді. Бәрі де ауыл шаруашылығы кооперативінің мойнында. Сонымен қатар аталған бағыттарға 18 асыл тұқымды бұқа әкелініп, сиырға қосылады.

– Қара күзде мал тоқтаған шақта аталық малдарды бөліп тастаймыз. Ауылдың төрт бағытқа жайылатын малының барлығы 600 басты құрайды. Өткен жылы ауыл ішіне тас жол төселді. Соған АӨК атынан жылдамдықты бәсеңдететін кедергі алып бердік. Ауылдың сәні кетпесін деген ниетпен төселген тас жолдарға сызықтар (разметка) жасауға қаржылай көмектестік. Одан соң әр мекеменің алдына велотұрақ орнатуға күш салдық. Биыл да ауылымыздың көркеюіне атсалысуға ниет білдіріп отырмыз, - дейді «Чижа-2 Агро» АӨК төрағасы Ерік Жұмашев.

Бұл жерде өздеріңіз байқап отырған шығарсыз, оқырман. Ауылдағы ағайынға көп жеңілдік бар. Біріншіден, малым жоғалып кетеді деген уайымнан арылсаңыз, екіншіден, ай сайын бағымға (әр ірі қараға 1000 теңге деп есептегеннің өзінде) қосқан сиырға ақы төлемейсіз. Үшіншіден, аналық мал қысыр қалып, төл бермей қаладыау деген ойдан арыласыз. Төртіншіден, малыңыз уақтылы мал дәрігерінің қадағалауынан өтіп тұрады. Егер мұның бәрі қолға алынса, ауылдың әлеуеті көтеріліп, жағдайы дұрыс жолға қойылар, бәлкім?!

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале