12.03.2021, 9:20
Оқылды: 17

Жылыту ақысын қалай үнемдеуге болады?

Жылыту ақысын үнемдеу жайын білу қиын емес. Ол үшін жылумен жабдықтау қызметтері үшін алынатын төлемді есептеу механизмі туралы жақсы білу керек. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу департаментінің БҚО бойынша басшысы Алмас Отаров мәлімдеді. Ол сондай-ақ жылуға артық ақша төлемеудің жолын да айтты.

___________________________

– Жылу қуатымен жабдықтау бойынша реттелетін қызмет үшін төлемақы мөлшерін есептеу «Табиғи монополиялар туралы» заң мен тарифтерді қалыптастыру ережесінде белгіленген. Аталмыш  заңға сәйкес табиғи монополия субъектісі бекітілген тариф бойынша реттелетін қызметті ұсынуға міндетті. Жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифі тұтынушыда есептеу құралының болуына немесе жоқтығына байланысты белгіленеді. Жалпыүйлік жылу энергиясын есепке алу аспабы (ЖҮЖЭЕА) болған кезде төлем мөлшері ай сайынғы көрсеткіш пен бекітілген тарифті негізге ала отырып айқындалады. Ал мұндай аспап болмаған жағдайда төлем мөлшері жергілікті атқарушы құрылым осыған сәйкес бекіткен тұтыну нормасы мен тарифке сәйкес есептеу жолымен белгіленеді. Бұл ретте есептеу құралдары жоқ тұтынушылар тарапынан төленетін ақы үйде есепке алу аспабы барларға қарағанда жоғары болады, - деді Алмас Отаров.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Орал қаласында 1208 тұрғын үй бар. Оның 974-і «Жайықжылуқуат» АҚ табиғи монополияның базалық субъектісінің 1002 ЖҮЖЭЕА-мен жабдықталған (100%). Ал ескі, апатты жағдайда тұрған сынды 234 тұрғын үйге есептеу құралдарын орнатуға техникалық мүмкіндіктер жоқ. Жалпы, есепке алу аспаптарымен жабдықталған және оны орнатуға техникалық мүмкіндіктері жоқ тұрғын үйлер-дің тізімімен «Жайықжылқуат» АҚ-ның сайтынан (http://jte.kz/press-centr/planovye-raboty.html)  танысуға болады.

Сондай-ақ жылу қуатын пайдалану ережелеріне сәйкес коммерциялық есепке алу аспаптары пайдаланылады. Олардың түрлері өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік тізіліміне енгізілген болуы керек. Және өлшем құралдарының бастапқы немесе мерзімдік тексерулерден өткендігі туралы құжаттары талап етіледі.

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңға сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асыру саласында қолданылатын өлшем құралдарының түріне байланысты 4 жылда бір рет тексеріледі. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның мәліметі бойынша былтыр Оралдағы 310 тұрғын үйде орнатылған 310 ЖҮЖЭЕА-ны тексеру жоспарланды. Алайда жаңа аспаптар орнатуға байланысты аталмыш кәсіпорында қаржылық қиындықтар туындады. Соған орай 260 тұрғын үйдегі есептеу құралын тексеру биылға ауыстырылған. Алмас Отаров оған қоса осы жылы 498 тұрғын үйінде орнатылған 513 жылу энергиясын есепке алу аспаптарын тексеру қажет екенін де айтты (бұл бағыттағы мәліметтермен де жоғарыда көрсетілген сайттан танысуға  болады).

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес, мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы ЖҮЕА-ны уақтылы тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл істі көп пәтерлі тұрғын үйді басқарушы, болмаса басқарушы компания (ПИК) да жүргізе алады.

ЖҮЖЭЕА-ның тиімділігін анықтау мақсатында Орал қаласында тәжірибе жүргізілген екен. Тәжірибе ауданы 57,3 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтерде жүргізіліпті. Ол 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымын және 2020 жылғы қазан мен 2021 жылғы қаңтар аралығын қамтыды. Оның нәтижесі төмендегі сызбада келтірілген.

– 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымында есептеу құралы бар бұл пәтердің тұрғыны ЖҮЖЭЕА жоқ тұтынушымен салыстырғанда 15 384,27 теңгеге аз төледі. Ал 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың қаңтары аралығында үнем 10 340,8 теңгені құрады. Айта кету керек, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның тұрғындар үшін тарифінде 2019 жылдан бері өзгеріс жоқ. Яғни  1Гкал ҚҚС-мен есептегенде 4159,71 теңгені құрайды. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ-ның тарифтердің шекті деңгейін бекіту өтінімін кері қайтарып алуға байланысты департаментпен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа тариф бекітілді. Яғни инвестициялық бағдарламаға бағытталған амортизациялық қаражатты шегеру нәтижесінде тұрғындар үшін 1Гкал ҚҚС-мен есептегенде 4099,56 теңге болды.

Қорыта айтқанда, ЖҮЖЭЕА болуы бұл, ең алдымен, тұтынушының өзі үшін жақсы және тиімді, өйткені ол жылумен жабдықтау қызметтерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Жылу қуатын тұтынуды үнемдеу мақсатында тұрғындар ПИК-пен бірлесіп үйлердің энергия тиімділігін арттыру бағытындағы іс-шараларды талқылау үшін жиындар ұйымдастыруларына болады. Мысалы, үйлер мен жертөлелерді жылудың қабырғалардан өтуіне мүмкіндік бермейтін инновациялық панельдермен оқшаулаған дұрыс. Үймен қатар пәтердегі де жылудың шықпауына мән берген жөн. Әсіресе, суық кіретін терезе мен есікке назар аудару қажет. Сонымен қатар қабырға, еден, балконды да жылыту мүмкіндіктерін қарастыру керек. Жылыту батареялары сынды жабдықтардың заманауи түрлерін алған абзал. Себебі олардың көпшілігі жылуды үнемдеу функциясымен қамтылған. Мұның бәрі жылу шығынын және жылу ақысын азайтуға көмектеседі, - дейді Алмас Отаров.

ҚР ҰЭМ ТМРКД БҚО бойынша басшысы сонымен қатар тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға байланысты еліміздің біраз өңірлерінде жылу қуатын жеткізушілерге қатысты жоспардан тыс тексеру шаралары жүріп жатқанын да мәлімдеді.

 

Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале