12.03.2021, 17:46
Оқылды: 37

Шыңғырлаулық футбол клубы жүлделі орынды иеленді

Үш айға созылған облыстық футбол ойынының нәтижесі бойынша Шыңғырлау ауданының мақтаныштары «Batys zhastary» футбол клубы жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Ойынға барлығы 32 команда қатысқан.

футбол

Аудан мәртебесін айқындап, спорттық деңгейін көтеріп жүрген «Batys zhastary» футбол клубында студенттермен қатар, түрлі сала мамандары да бар. Оның ішінде спорт, мәдениет, білім, т.б. салалардың мамандары жұмыстарымен қатар спорттық өмірді де қатар алып жүруді мақсат еткен. Қазіргі таңда команда құрамында 12 адам бар. Спортта ойыншылардың белгілі бір ойынға кіру құны, спорттық киім, жолақысы сынды шешілуі тиіс мәселелер де бар. Осы орайда ауданымыздың намысын қорғап жүрген жастарға ақшалай қаражат жағынан аудан кәсіпкерлері Надир Мерғалиев, Жолдас Байқатов, Қанат Усманғалиев, Жұмағали Алмағамбетов сынды азаматтар жанашырлық танытып, спортшыларды қаржылай қолдаған болатын. ІІ орынды иеленіп, аудан атын шығарған спортшыларға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айта отырып, «Batys zhastary» футбол клубына болашақта алар асуларыңыз көп болғай дегіміз келеді.

Спорт бөлімінің бас маманы Эрик Сағындықов: «Аудан кәсіпкерлерінің жастарды қолдағаны өте қуантады. Біздің жеңістерімізді көріп, шабыттанып, аудан жастарының спортқа деген қызығушылығы оянса, біз үшін басты жеңіс осы», - дейді.

Ал мәдени-демалыс орталығының маманы Әмірхан Жұбаниязов: «Болашақта әлі де талай биік асуларды бағындырарымызға сеніміміз мол. Түрлі сала мамандарының басын қосып, бір мақсатқа жұмылдырған футбол ойыны – біз үшін жәй ойын ғана емес. Спорт біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды», дейді.

 

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале