Дене шынықтыру мен спортты одан әрі жаппай дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ірі халықаралық жарыстарға спортшыларды іріктеу мақсатында Қазақстан Республикасының X қысқы оқушылар гимназиадасы өтті.
Петропавл қаласына еліміздің 13 өңірінен жиналған мыңнан астам оқушы қысқы спорттың бес түрінен сынға түсті.
Төзімділік пен ептілікті, қайсарлықты талап ететін сайыста біздің теректілік спортшылар үздік шығып, жүлделі оралды.
Жаттықтырушылар Фархат Беркінғалиев пен Ерлан Сағынғалин баптаған Подстепный орта мектебінің қос оқушысы – Алина Ғұбашева мен Шынар Амангелдиева сайыстың «Спорттық бағдарлау» түрінде жеңімпаздар тұғырына көтерілді.
- Алина осы жарыста І орынды жеңіп алды. Ал Шынар ІІ орын иеленді. Оқушыларымыздың жүлделі болуы кездейсоқтық емес. Жаттығу кезінде де, жарыста да ерекше табандылық танытып жүрген қыздар спорттық бағдарлаудан өткен аудан, облыс көлеміндегі жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Спортшыларымыз осымен тоқтап қалмай әлі үлкен белестерді бағындырарына сенімдіміз,- дейді жаттықтырушы Ерлан Русланұлы.
Бахтияр Мұрадымов,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz