Бұл туралы «Адалдық алаңы» жобасының тікелей эфирінде Бәйтерек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Аят Үмбетәлиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, жыл басынан бері ауданда КВИ жұқтырған 626 адам тіркелген.
- Күні бүгін ауырып жатқандар саны – 85. Оның 53-і үй карантинінде болса, ауруханада жатқандар саны – 32. Жыл басынан бері 533 адам жазылып шықса, сегіз адам көз жұмды. Соңғы тәулікте аудан аумағында 12 жаңа жағдай тіркеліп отыр, ол – аудан үшін үлкен көрсеткіш.
Ауру жұқтырғандардың нобайы – адам саны көп мекемелердің қызметкерлері, - деді өз баяндамасында Аят Үмбетәлиев.
Сондай-ақ Аят Миллятұлы 15 наурыз күні шығарылған №2 қаулыда мерейтойлардан кейін ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өскендіктен, мерекелер, ойын-сауық, спорттық жарыстарды, форумдарды, көрмелер, конференциялар, отбасылық жиындарды және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы шешім шығарылғандығын да атап өтті. Аталған қаулыда мектепке дейінгі ұйым топтарындағы балалар саны 15-тен аспау керек екені де көрсетіліпті.
- Алда – Наурыз мейрамы. Мейрамда бір-бірлеріңіздің үйлеріңізге барып тойлауға болмайды. Ұлыстың ұлы күнін отбасыңызбен атап өткен дұрыс болады, - деді А.Үмбетәлиев.
Сонымен қатар ауданның бас санитары өзі басқаратын мекеме қызметкерлерінің қандай жұмыстар атқарып жатқанына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлері КВИ жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтарды анықтау, індет шыққан ошақтарда санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, ол жерлерді 14 күнге карантинге жабу және карантин режимін қалай сақтау керектігі туралы жадынама береді екен.
- Біздің қызметкерлер тұрғындар арасында дүкендерде, мектептерде, балабақшаларда, инфекция ошақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соған қарамастан үй карантинінде жатқан кей азаматтар көпшілікке зияным жоқ деген оймен карантин режимін бұзып, көшеге, дүкенге, адам көп жиналатын жерлерге шығып кетеді. Симптомсыз дегеніміз ол ешқандай ауру белгілері жоқ адамдар. Бірақ ондай адамдар инфекцияның тасымалдаушысы болып саналады, сондықтан карантин режимін қатаң сақтап, үйде отырған дұрыс әрі ол өзгелер үшін де пайдалы, -деді А.Үмбетәлиев сөз соңында.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz