Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Орал қаласындағы мәдениет саласының және жастар орталықтарының қызметкерлері қазақ күресінен көрсетілім қойды. Палуандардың бәсекесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына да орайластырылды.
А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында өткен іс-шараға Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың, жастар мәдениет үйінің, мәдени-ағарту бірлестігінің, қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты. Сахна төріндегі бозкілемге шыққан олар қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетті. 70 келіге дейін және одан жоғары салмақ дәрежесінде жақсы белдескендер марапатталды.
– Бұл іс-шара мәдениет пен спортты ұштастыру мақсатында ұйымдастырылды. Мәдениет қызметкерлерінің арасында қазақ күресін дамытуды, жан-жақты насихаттауды көздедік. Мамыр айына таман «Өнер барысы» сайысын өткізу жоспарымызда бар. Бүгінгі кеш сол жобаға дайындық іспетті болды, - деді Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.
Артур Мұратұлы айтып өткендей, іс-шараға БҚО бойынша қазақ күресі федерациясының вице-президенті Әсет Сұлтанұлы демеушілік еткен.
Белдесу соңында өңірдің айтыс ақындары Орынбек Меңдіқұл, Әділ Ахметов және қазақ күресінен спорт шеберлігінен үміткер Райымбек Өтепов Құлмамбет және Жамбыл айтысының үлгісін көрсетті.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz