Оралдағы Зашаған кентінде бұрынғы мейрамхананың орнына отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылады. Бұл туралы БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
Орал қаласындағы Зашаған кентінде кейінгі жылдары құрылыс нысандары жиі бой көтеруде. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйлер, жеке құрылыстар да салынуда. Тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге және басқа әлеуметтік санаттағы азаматтарға беріліп жатқаны мәлім. Бұл қаланың осы ауданына қызмет ететін №6 емханаға жүктеменің артуына әкелуде.
Қазірдің өзінде аталмыш емханада 44 учаске ашылған. Оның 39-ы – жалпы тәжірибедегі дәрігерлік, бесеуі – педиатрлық учаскелер. Учаскелер бір жалпы тәжірибелік дәрігер үшін – 1700 адамнан аспайтын жүктеме нормативіне сәйкес құрылған. Халыққа қызмет көрсету радиусының 15 шақырымға дейін ұлғаюына және медициналық көмекті «үйден 5 минут» қағидаты бойынша халыққа жақындатып, емхананың ауыртпалығын азайту қажеттілігіне байланысты «Балауса» және «Болашақ» шағынаудандарында отбасылық денсаулық орталықтарын немесе дәрігерлік амбулаторияны ашу қажеттілігі туындап отыр. Қазір бұл ықшамаудандарда 5700 адам тұрады, оның 5200-і – ересектер, 500-і – 5 жасқа дейінгі балалар.
«Бүгінгі күні «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-мен бірге «Болашақ» шағынауданынан қолайлы ғимараттың нұсқалары қарастырылуда. Мүмкін нұсқалардың бірі – 160 шаршы метрлік бір қабатты мейрамхана ғимаратын дәрігерлік амбулаторияға айналдыру. Ғимаратты сатып алудың жалпы құны шамамен 45 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні мейрамхана әкімшілігімен ғимаратты денсаулық сақтау мекемелеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қайта құру бойынша келіссөздер жүргізілуде» - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жобаны іске асыру осы аудан бойынша тіркелген тұрғындарға медициналық көмектің, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің, скрининг және алдын алу шараларының қолжетімділігін жақсартады.
Сонымен қатар 2022 жылы «Арман» шағынауданындағы М.Мөңкеұлы көшесінде тағы бір көп қабатты үй пайдалануға берілмек. Қала әкімдігінің келісімімен мұндағы ауданы 1870 шаршы метрлік бірінші қабатта медициналық амбулатория болады деп күтілуде.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің
жұртшылықпен байланыс бөлімі
Сурет Qazaqstan.tv сайтынан алынды