18.03.2021, 23:52
Оқылды: 82

BOOK READ оқырман көкжиегін кеңейтеді

 18 наурыз күні жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының бастамасымен «BOOK READ» жобасы ұйымдастырылып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы мен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай арнайы шара өтті.

 к1

Оқырман ойын ұштар шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ернар Ғалымов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі русурстық орталығының және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ауданымыздың мәдениет саласына жауапты сала басшысы Ернар Бақтиярұлы жастардың білімге құштарлығын арттыруға бағытталған шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, жобаның әрі қарай дамуына ықпал ететіндігін атап өтті.

к2

Арнайы ұйымдастырылған шара барысында интеллектуалдық ойындар ойнатылып, жастар топтық жұмыстар арқылы тәуелсіздігіміздің маңыздылығын түсіндіріп берді.

Биылғы Тәуелсіздік жылы қарсаңында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы да ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған болатын. Осы мақсатта акция аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атауымен елімізге белгілі ақын-жазушылар, балалар әдебиеті, аудармашылар, проза, поэзия мен драматургия жанрлары бойынша қаламгерлердің жалпыхалықтық оқуға іріктеліп алынған 30 үздік шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, таныстырылды.

к3

Жастарымыздың қолға кітап алып, көкжиегінің кеңейіп, әдебиет әлеміне сапар шегуіне мұрындық болған ауданымыздың атқамінерлеріне жастарымыз да ризашылықтарын білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Чукина атаулы шараның оқырман үшін пайдасы мол екендігін атап өтті.

- Кітап оқу – адамзаттың кемелденуіне жол ашады. Бүгінгі шараның біз үшін маңызы зор. Біз білім алумен қатар әдебиеттерді оқу арқылы ойымызды ұштап, зейінімізді арттырамыз. Сонымен қатар бос уақытымыздың тиімді өтетіндігі де көңілімізге сеп. Себебі техниканың дамыған заманында кейбір адами қасиеттеріміз іркіліп қалып жатқандығы қынжылтады. Ал бұл жоба оқырманның көбейіп қана қоймай, білімді де саналы ұрпақтың қалыптасуына жол ашады, - деді.

Кітапхана ұжымының айтуынша, жобаның мақсаты бір кітаптың оқырманын арттыру арқылы, кітаптың түрлі оқырманының көзқарасы мен түсінігін насихаттай отырып, зерттеу жүргізу. Бұл жобаға жас та болса ойы ұшқыр оқырман, Казталов мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Шыңғыс Бекқалиев теқатысатындығын айтты.

- Мен жас болсам да кітап оқу арқылы бұл жобаның мақсатын орындауға септігімді тигізбекпін. Тарихымыз бен тұрмыс тіршілігімізден, әлеуетіміз бен экономикамыздан сыр шертетұғын кітаптарды оқи отырып, оны достарыма да насихаттап, аталмыш кітаптарымның оқырманының артуына ықпал етемін, - дейді жас оқырман.

Жоба оқырманының артуына аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығынң ұжымы да өз тараптарынан қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Шара соңында оқырмандар ұлттық тағам түрлерінен дәм татып, ақтан ауыз тиді. Аталмыш шара санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале