19.03.2021, 16:57
Оқылды: 18

Облыс бюджеті – 286,6 миллиард теңге

Бүгін өткен облыстық мәслихаттың үшінші сессиясында мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сессия жұмысына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

 IMG-20210319-WA0039

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №40-2 «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндады.

IMG-20210319-WA0053

– Жыл басындағы бюджет қаражаттарының бос қалдықтары 12,3 млрд теңгені құраса, төменгі тұрған бюджеттер мен пайдаланылмаған трасферттер мен кредиттерді қайтару және бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы төлеуге 1,8 млрд теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттің түсімдері 97 миллион теңге. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберіндегі шараларды қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы құрылымдар мемлекеттік бағдарламасы шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардан түсімдер 8,3 млрд теңгеге жеткен. Бөлуге барлығы 22,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Енгізілген өзгерістер есебінен облыстық бюджеттің шығыстары 286,6 млрд теңгені құрайтын болады. Соның ішінде әлеуметтік саланың шығындарына 5,2 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі Орал қаласынан облыстық патологоанатомиялық бюро, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылынан мектеп-балабақшасына қазандық, Бөкей ордасы ауданы облыстық музей-қорығына визит орталығы мен әкімшілік ғимараты, Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында 150 орындық мәдениет үйі, Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында мәдени-спорттық кешен салуға жұмсалмақ. Сонымен қатар медициналық жабдықтар, 21 бірлік «Жедел жәрдем» көлігін және үш модульдық көлік жуу ғимараты мен гараж салуға 524,2 млн теңге қарастырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарына күрделі жөндеу және оларға жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға шамамен 1 млрд теңге бағытталды, - деді Т.Каюпов.

IMG-20210319-WA0055

Сондай-ақ өңірдің бас экономисінің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мен ветеринария саласына да 5,4 млрд теңге қаржы бағытталмақ. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Теректі, Ақжайық аудандарындағы каналдарды қайта жаңғыртуға және Казталов ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге 327,7 млн теңге, су қорғау аймақтары мен су нысандарына Барбастау, Көшім, Солянка, Илек өзендеріне, Ядовитое көлі мен Киров су қоймасы белдеулерін белгілеу бойынша ЖСҚ әзірлеуге шығыстар жоспарланған. Ал Орал қаласынан көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысына 5,9 млрд теңге қаражат жұмсалады деп жоспарланған. Коммуналдық шаруашылыққа шамамен 1 млрд теңге бөлініп, оның ішінде әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға 300 млн теңге қарастырылған. Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын іске асыруға 2 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат Орал қаласының автокөлік жолдарын қайта жаңғыртуды аяқтауға, Сырым, Ақжайық және Бәйтерек аудандарының жолдарын күрделі және орташа жөндеуді аяқтауға, Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының жолдарына орташа және ағымдағы жөндеуге жұмсалатын болады.

IMG-20210319-WA0044

Сондай-ақ сессияның күн тәртібіне сәйкес, облыстық мәслихаттың «Жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтыру енгізу, «Орал қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және дегельминизация жасау, бірдейлендіру, биозарарсыздандыру, екпе жасау қызметі» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мәселелері қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков облыстық мәслихаттың «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және мамандандырылған емдік өнімдерді қосымша беру туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын баяндады.

Сессияда сөз алған шаһар басшысы Абат Шыныбеков Батыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы, ал Ақжайық, Жаңақала аудандарының әкімдері кейбір елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылыстарына өзгерістер енгізу мәселелерін депутаттар алдына ұсынды.

IMG-20210319-WA0035

Мәслихат сессиясына ұсынылған барлық мәселелер халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.

– Баршаңызға осындай сындарлы жұмыстарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Мәслихатты тұрақты комиссиялары отырыстарында көптеген ауқымды мәселелер қарастырылатындығынан баршамыз хабардармыз. Сол отырыстарда қаралған мәселелерді бірауыздан қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біздің өңір негізінен ауыл шаруашығымен айналысатындығы мәлім. Бүгінде барлық шаруалар қыстан аман-есен шығып, көктемгі жұмыстарға дайындалуда. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жемісті еңбек пен сәттілік тілеймін. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! - деді сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

IMG-20210319-WA0030

Сессия соңында облыстық мәслихаттың хатшысы Бибігүл Қонысбаева Қазақстан мәслихаттар депутаттарының республикалық қоғамдық бірлестігі атынан көп жыл бойы облыстық мәслихат депутаты болған Ақсерік Әйтімовті «Құрметті депутат» атағымен марапаттады.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале