Міне, есігімізге жаңа жылымыз еніп, тағы бір жылды артқа тастаған ақжайықтық ағайын мерекелік көңіл күйде Наурызды атап өтуде. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көптеген шаралар онлайн форматқа ауыстырылды. Ал бүгінгі Ұлыстың ұлы күні Ақжайық ауданы орталығы – Чапаев ауылының көшелерін мерекелік ән мен Наурыз мейрамының қадір-қасиетін айшықтайтын күй кернеді.
Жаңадан ашылған шағын алаңда құрылған ақ шаңқан киіз үйдің жанында адам қарасы болмағанымен, ағайынға әсерлі көңіл күй сыйлап тұрды. Бұған дейін де ауданның әрбір ауылдарында, мектептер мен кітапханаларда мерекеге орай шаралар толас тапқан жоқ. Мектеп оқушылары ауылдастарына әлеуметтік желі беттерінде өлең-жыр арнап, онлайн құттықтауларын жолдап жатса, ақсақалдарымыз ақ батасын арнады. Мәдени саланың қызметкерлері әлеуметтік желілерде әннен шашу шашты.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі көрісу мерекесіне орай және наурыз мейрамы қарсаңында «Наурызым - нұрлы ырысым» тақырыбында фольлорлық апталығын бастады. Апталық аясында ұлттық салт-дәстүріміздің тарихынан әлеуметтік желіде шолулар көрермен назарына ұсынылып, асыл әжелеріміз қара өлеңнен ән шырқады. Ұлттық ойын асық ойнау, арқан тартудан көріністер көрсетіліп, ою өрнек пен кесте тігуден бейнедәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны», «Ибалы келін», «Атамның ақ батасы», «Ісмер әже», «Шашбау, шолпы – қыз көркі» тақырыбында бейне көрсетілімдер жарияланса, «Ұлыстың ұлы күні Әз наурыз» тақырыбында виртуалды ақпапаттар беріліп, кітап көрмелеріне шолу жасалды. Кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері халыққа онлайн құттықтаулар жолдады.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz