25.03.2021, 11:56
Оқылды: 52

Оралда әскерилер арасында жігіттердің сұлтаны анықталды

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында Орал шаһарындағы №5517 әскери бөлімі жігіттері арасында «Жігіт сұлтаны - 2021» байқауы өтті.

 IMG-20210321-WA0264

Сайыстың мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды жаңғыртып, ұлттық өнерді, тіліміз бен ділімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, қазақ жігіттерінің өр мінезділігін, ақыл қайраты толысқан, қайтпас қайсарлығын дәріптеу.

Байқауға қатысушылар өзін-өзі таныстыру, асық ату, қол күресі, гір тасын көтеру, аударыспақ, өнер сайысы және, салт-дәстүрден қойылған сұрақтарға  жауап беру бойынша бақтарын сынады.

IMG-20210321-WA0257

Мерекелік сайыстың шымылдығын көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері, жас балғын әнші Нұрали Арыстанұлы "Наурыз" әнімен ашып берді.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің өнерлеріне төрағалық еткен №5517 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сәрсенов болды.

Мұндай шараларды әскерилер арасында көптеп өткізудің тәрбиелік мәні зор. Сайыс әскери қызметшілерді болашаққа бағыттап, оларды жігерлілік пен ұстамдылыққа, тапқырлық пен ақылдылыққа, ізгілік пен парасаттылыққа, батылдық пен шымырлыққа тәрбиелейді.

әс1

Сайыс барысында жауынгерлер өз бойларындағы бар өнерлерін көрсете білді.

Байқауға қатысушы үміткерлер қойылған шарттардан мүдірмей өтіп, қазылар алқасы тарапынан төмендегідей орындарға ие болды.

Салт-дәстүрден жүйрік шыққан, "Күш атасын танымас" аталымында гір тасын 58 рет көтеріп, көзге түсіп, барлық жарыс ережесі бойынша байқауда үздік өнер көрсеткен материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының қатардағы жауынгері Ағаділ Дүйсенбек бас жүлдеге қол жеткізіп, «Жігіт сұлтаны - 2021» атанды.

әс2

І орынды салт-дәстүрден жүйрік шыққан, "Талантты сарбаз" аталымы жеңімпазы, 1 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Нұрғиса Идирисов иеленсе, ІІ орынға "Сегіз қырлы, бір сырлы " аталымы бойынша озық шыққан 2 атқыштар ротасының сарбазы Рауан Әлімбеков ие болды. Ал ІІІ орынды жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының сарбазы Асет Миниязов міссе тұтты.

Сонымен қатар шара барысында бөлімнің Әйелдер кеңесі мүшелерінің арқасында сарбаздарға тәттілерден шашу шашылып, бауырсақ пен наурыз-көже таратылды.

Байқау соңында жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Ертуған Әубәкір,

капитан

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале