29.03.2021, 19:15
Оқылды: 48

Батыс Қазақстанның ең жас мектеп директоры Халықаралық “ONLINE DIALOG”-та ТМД жастарымен пікір алмасты

“Бөбек” жалпыұлттық қозғалысы” заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен еліміздің талантты әрі талапты жастарын қолдау, халықаралық білім мен ғылымды интеграциялау жолында еңбектеніп келе жатырған жандарды ТМД елдерінің студент жастарына таныстыру, тәжірибе алмасу, еркін пікір алаңын қалыптастыу мақсатында Халықаралық деңгейде Instagram әлеуметтік желісінде @bobek_organization парақшасында “Online dialog” жобасы бастау алды.

 онл11

Аталмыш жобаға алғашқы қонақ ретінде Батыс Қазақстанның ең жас мектеп директоры, ҚР Президентінің Халықаралық стипендиясының иегері, Жансұлтан Нұрмұханов шақырылды.

Жансұлтан Қайыржанұлы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол қазіргі таңда Сырым ауданы, Қособа орта мектеп-балабақша кешенін басқарып отыр. Жансұлтан Нұрмұханов –  бес тілді жетік меңгерген тарих пәнінің мұғалімі.

Жансұлтан Қайыржанұлы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Польша еліндегі Быдгощ қаласының Халықаралық туризм және мәдениет институтымен жасалған екіжақты шарты арқасында екі жоғары оқу орнын тәмәмдаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң ел экономикасының басым секторлары үшін бәсекеге қабілетті кадрларды дайындайтын «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания мемлекетіндегі Манчестер университетінде мамандандырылған тілдік курстан өтіп, Уорик университетінде «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және менеджмент» мамандығы бойынша магистратурада білім алған. «Қазіргі таңдағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі – «Болашақ» бағдарламасы аясында ҚР Президентінің халықаралық шәкірақысының иегері атануым», - дейді Жансұлтан Нұрмұханов.

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, кейіпкеріміз оқу бітіргеннен кейін алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде іске асыруды ауыл мектептерінен бастағанды жөн көрген.

Қазіргі таңда Қособа ауылында мектеп-балабақша кешенінде директор қызметін атқарып жүр. Оқу жылы басталғалы бері мұғалімдердің қажеттілігіне қарай IT құзыреттілік, ағылшын тілі, «Жас мұғалімдер мектебі», «Lesson study» сынды мектепішілік курстар мен жобалар ұйымдастырған.

Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына тегін түрде IELTS курсын өткізуде. Білім алушылардың ҰБТ-ға дайындық механизмін де бір жүйеге келтірілген.

Жаста болса, үлкен іске бас болып жүрген жерлесіміз “ONLINE DIALOG” алаңында оқушыларға мамандық таңдағанда ескерер жайттарды және қоғамның талқысында жүрген түйткілікті сұрақтарға жауап беріп, өз ойын білдірді.

 

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале