30.03.2021, 15:05
Оқылды: 55

Жәнібектіктер қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановты еске алды

Бүгін Жәнібек ауданының орталығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың 95 жылдығына орай еске алу шаралары өтті. Мерекелік шара М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде 2016 жылы бой көтерген қайраткердің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, ардагер Меркен Кенжеғалиев пен аталмыш колледждің директоры Берік Ықсановқа берілді.

 ық1

Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйінің фойесінде жалғасын тапты. «Есімі мәңгілікке жазылған қайраткер» атты танымдық кешті аудан әкімі А.Сафималиев ашты.

- Бүгін жерлесіміз, қоғам қайраткері, Жайық өңірін 11 жыл басқарған көрнекті тұлға Мұстақым Біләлұлының туғанына 95 жыл толып отыр. Ол билік басына келгеннен кейін облыс орталығының келбеті он бір жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Ең әуелі, қаланы көркейту және оның сәулетін арттыру мақсатында жобалау институттары құрылды. Нәтижесінде жылдар жылжыған сайын жаңа теміржол бекеті, әуежай, әмбебап дүкен, Баспасөз үйі және басқа да сәнді де сәулетті ғимараттар пайдалануға берілді. Сондай-ақ 12-14 қабатты зәулім тұрғын үйлер салынып, жерлестерді қолайлы қоныспен қамту ерекше жақсарды. Бұдан басқа Орал қаласының сыртынан Ресейдің Самара және Саратов қалаларына тіке шығатын айналма көлік жолдары салынды. Облыс аудандары да дамудың даңғыл жолына түсті. Әсіресе, өңіріміздің егін және мал шаруашылығымен қатар, аса тиімді суландыру жүйелері салынып, экономиканың алға басуына көп септігін тигізді. Аудан мен шаруашылық орталығын айтпағанда, шағын бөлімшелерде де тұрғын үйлер салынды. Руханият пен мәдениет саласы да М.Ықсановтың назарынан тыс қалған жоқ. Оның тікелей нұсқауымен «Ақжайық» ән-би ансамблі құрылып, Норвегияда өнер көрсетті. Жұбан, Ғабит сынды атақты жазушылардың Жайық өңіріне келуіне де Мұстақым Біләлұлының сан салалы қайраткерлігінің септігі бар. Артында өшпес ізі мен жарқын істері қалған, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер тұлғаның өнегелі өмірі мен атқарған қызметі келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз,- деп сөзін тәмамдаған аудан басшысы Жәнібек аудандық М.Ықсанов атындағы колледждің директоры Берік Ықсанов пен Жақсыбай ауылдық М.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Мейірбек Сарнауловқа М.Ықсановтың 95 жылдығына орай «Ықсанов қоғамдық қоры» атынан мерекелік медальдар табыстады. Сонымен қатар, Амангелді Уәлиев, Ерсайын Құбашев, Әсемгүл Қуанғалиева, Меңдігүл Фазылова, Гүлжиян Есмұқанбетова, Гүлдана Аткешова, Алмагүл Жұмалиева, Мира Ефремова, Лидия Берікқалиева, Қасымғали Асанғали «Ықсанов қоғамдық қорының» төрағасы Асқар Атаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы М.Ықсановтың өмір жолымен таныстырса, қайраткердің алдын көрген, жұмыстас болған Амангелді Мырзағалиұлы естеліктерімен бөлісті.

ыұ0

Сондай-ақ ол М.Ықсанов атындағы колледжге, аудандық музейге, газет редакциясы мен кітапханаға қайраткерге арнап басылған кітапты, естелік суреттер мен жинақтарды табыстады.

Кеште аудан көркемөнерпазы Наргиза Касумова мен оның шәкірттері Динаның «Науысқы» күйін орындаса, аудандық балалар кітапханасының оқырмандары Даниэль Досболатов пен Балғынбек Өткешов өлең-жырларын тарту етті.

ық2

Сондай-ақ Болатқали Төлебаевтың сөзіне жазылған, жерлесіміз, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі Қуаныш Қисметовтың «Елінің жайсаң перзенті» атты әнін Асылбек Есенғалиев тамылжыта орындады.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале