Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Тілдерді дамыту орталығында «Қазақ тілінің жаңа көкжиегі» атты дөңгелек үстел өтті.
Орталықтың қазақ тілі пәні оқытушылары ұйымдастырған іс-шараға педагогтар мен студенттер қамтылды. Қазақ тілі мәртебесінің асқақтауына негіз болған, қазір де әлем тілдері қатарына қосылуға мүмкіндікке жол ашып отырған латын графикасына негізделген пікір алмасу шарасы тілдің қасиетін сезінуге, мәртебесін көтеруге, танымдылық қабілетін арттыруға бағытталды. Пікір алмасу негізінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде жазу өркениеттің бастауы екені айтылып, бүгінге дейінгі қазақ әліпбиінің тарихы зерделеніп, латын графикасына негізделген жаңа әліпби жобасы таныстырылды.
Жаңа әліпби жобасында 31 әріп пен тек шетелдік сөздерге қолданылатын қосымша тағы үш әріп бар. Сонымен бірге умлаут, бревис, седиль, макрон диакритикалық белгілердің төрт түрі туралы айтылды. Студенттер өздері алдын ала дайындаған ақпараттармен бөлісіп, бір-бірімен ой алмасты. Осы арқылы жаңа әліпби жобасын мақұлдап, алда да бірқатар пікірлердің болуы заңдылық екенін жеткізді. Жәңгір хан университетінің тіл жанашырлары тіл мәселесі өзінің оңды шешімін табарына сенімді.
Университеттің медиа-орталығы