31.03.2021, 14:47
Оқылды: 43

Жәнібекте өткен кеңес отырысында төрт мәселе қаралды

Бүгін аудан әкімдігінде Жәнібек аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары қатысты.

Жән3

Жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда төрт мәселе қаралды. 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №50-1 «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Руслан Сариев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылға арналған аудандық бюджетте облыстық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттердің жалпы сомасы 10 млн теңгеге көбейді. Яғни бұл қаражат әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жұмсалады.

Жән 2

Шығындар бөлігі 268 млн 475 мың теңгені құрайды. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімі аппаратына – 25 млн 142 мың, аудандық мәслихатқа – 9 млн 457 мың, экономика және қаржы бөліміне – 26 млн 46 мың, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне – 101 млн 7 мың, демалыс орталығына – 59 млн 87 мың, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне – 15 млн 480 мың, ішкі саясат бөліміне – 2 млн 225 мың, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне – 150 мың, Күйгенкөл ауылдық округіне – 10 млн 416 мың, Тау ауылына – 15 млн 15 мың, Жақсыбай ауылдық округіне – 4 млн 250 мың және Қамысты ауылына 200 мың теңге қарастырылған.

Сонымен қатар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді жалға беру бойынша конкурсқа шығаруға жоспарланған жер телімдерінің тізімі туралы баян етті. Оның сөзіне сүйенетін болсақ, аудан бойынша 54, жалпы көлемі 22505 гектар жер телімі жалға беріледі.

Дәлірек айтсақ, Ақоба ауылдық округі бойынша 6, жалпы көлемі 4100 гектар жер телімі беріледі. Борсы ауылы – 9, 3388 гектар, Жақсыбай ауылдық округі – 4, 1320 гектар, Күйгенкөл ауылы – 9, 3296 гектар, Қамысты ауылы – 8, 3380 гектар, Талов ауылдық округі – 13, 5515 гектар, Тау ауылында 1000 гектар егістікке арналған және Ұзынкөл ауылы бойынша 4, 213 гектар жер телімі конкурсқа шығарылады.

Жән1

Сондай-ақ, аталмыш бөлімнің басшысы Жәнібек ауданының кейбір елді мекендерінің шекарасын белгілеу туралы хабарлама жасап, әр ауылдық округтің периметріне тоқталды.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша, яғни аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметі туралы аталған бөлімнің басшысы Алтай Бақтығалиев баяндады.

Оның мәлімдеуінше, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жергілікті атқарушы органдармен электронды түрде «Азаматтық хал актілері жазбалары» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.Бастапқы тіркеу орны бойынша акт кітаптары 75 жыл бойы сақталады да кейін тиісті мемлекеттік архивке беріледі. 2020 жылы АХАТ бойынша бөлімге 676 өтініш түскен. Былтыр 292 бала дүниеге келсе, 98 адам дүниеден озған. Сондай-ақ, 69 адам некелерін қидыртса, 13 адам некені бұзған.

Кеңес мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша баяндамашыларға сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Күн тәртібінде тыңдалған барлық хабарламалар талқыланып, Қоғамдық кеңес отырысында оң бағаланды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале