1.04.2021, 10:37
Оқылды: 13

Гранттың «аламаны»: озғаны кәне?

Бұйырса, «Бастау Бизнес» жобасы қайта қолға алынбақ. Жалпақ тілмен айтсақ, 555 мың теңгенің «аламаны» басталады. Өткен жылы да 141 аудан азаматы өз кәсібін бастау үшін 555 600 теңге грант алған. Яғни, «белімді буып, өзім үшін тірлік қылайын» деген 141 адамға 77 831 600 теңге берілді. 141-дің ішінде кәсібін жолға қойып, табыс тапқандар да бар, ептеп-септеп бастап, орта жолдан тоқтатып тастағандар да, мемлекет қаржысын мақсатты жұмсамай, бүгінде істері сотта жатқандар да бар. 

 гр

Мемлекеттік грантқа иегерлерінің жұмыс қарқыны қандай, жиі кездесіп, жұмыстарын тұралатқан кедергілер бар ма? Болса, ол нендей кедергілер? Кәсіп бастаймын дегендер неге сот жағалап жүр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Грант алғандардың бизнес-жоспарын қарасақ, көңілің марқайып, көзің ғана емес, жақсы жоспарға қарның да«тойып» қалады. Жетпіс сегіз ауылдасымыз «Мал басын көбейтіп, табиғи сүт өнімдерін өндіремін, тауық-қаз өсіріп, аудан тұтынушыларына ұсынамын» деп грант алса, алпыс үш ауылдасымыз «бақша өсіріп, көкөніс сатамын, сән салонын ашып, немесе ателье ашып, қызмет көрсетемін» депті. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған соң ба, грант алушылардың басым бөлігі ата кәсіптен алыс кетпеген. Некен-саяқ болса да, хостел қызметін ұсынғандар бар екен.

Жұмыссыз. Жиырма күн арнаулы курстан өтті. Көптеп-көлемдеп бойына, ойына шақ кәсіп бойынша бизнес-жоспар құрды. Сертификат алды. Кейін бұл болашақ кәсіпкердің бизнес-жоспары мен сертификаты, тағы басқа да жеке бас құжаттары тіркелген іс қағаздар папкасы арнаулы комиссияның қарауынан өтеді, мақұлданса, бітті. Алма піс, аузыма түс! Ниет қылғанға маңдайын терлетіп, аяғын талдыратын жұмыс емес. Бастысы – ниет пен жауапкершілік.

- Кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы ретінде де, депутат ретінде де елмен кездескенімде «жұмыс жоқ», «уақытша болса да қоғамдық жұмыс болса» деп өтініш айтып келетіндерге де, «атаулы көмек тимей қалды. Анау алғанда мен неге алмаймын?» деп шағым айтып келгендерге де осы грант мүмкіндіктерін айтамын. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған. Әр нәрсенің шегі бар. Бүгінгі тегін өткізілетін курс, қайтарымсыз гранттың да тоқтатылатын күні болады. Қарап жатпа, қарекет қыл!» деймін. Тиімді мүмкіндікті кәдесіне жаратып, өз несібесін тауып отырғандар да бар. Сол бес жүз мыңды алып, бір күн қалаға барып, киініп келгеніне, не құдалығын шақырып қалғанынан риза боп жүрген адамдар баршылық. Жылдан жылға грантқа ниеттілер саны артып келеді. Биылға да «курс оқып, грант алайыншы» деген азаматтар саны екі жүзден асып отыр, -дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы Бибігүл Жұмағұлова.

- Шынын айту керек, не нәрсенің де нәтижесін бір-екі жылда көре алмаймыз ғой. Ұсынылып отырған қаржыға бірдей бар шаруасын шешіп, дамудың даңғыл жолға түсіп кетпесі белгілі. Бұл қаржы тек демеу, қолдау, «бір нәрсе істеу керек еді» дейтіндерді ынталандыру ғана. Қазіргі жағдайда қай туысқан бір-біріне қайтарымсыз жарты миллиондап ақша ұсынып отыр? Грант алғандардың арасында шаруасын түзеп, кәсібін жолға салып алғандар да баршылық. Оларды үлгі қып айта аламын. Мысалы, сайқындық Жанерке Ғұбашева донер пісіремін деп грант алып, тәттілерінің түрлерін арттырып, тұрақты тұтынушыларын жинап алды, көрпе-төсекше жасамақшы боп қайтарымсыз қаржы алған тағы бір сайқындық Әсем Төлеухан да кәсібін керемет игеріп кетті. Қолы епті, өзіне сенген бисендік Лесбек Бекетов деген азаматымыз дөңгелек ауыстыру орнын ашып, табыс тауып отыр.  Ханордалық Алтынгүл Есмұқанова бақша егіп, көкөністен көп пайда тапқанын ерекше айта кеткім келеді, - дейді Бибігүл Мұқасқызы.

- Курстан өтіп, сертификатын алса да, қолдау қаржысын алмай, кәсібін тек қиялда дамытып жүргендер бар ма? - деп сұрадық.

- Тиісті грантты алуға асықпайтындар қатарында тұрақты жұмыс тауып, қызметке тұрғандар да, грант алсам, үкімет ұсынған түрлі жәрдемақыдан қағыламын деушілер бар. «555 600 теңге мұз боп еріп, суша ағып кетті, алмай, ай ма ай АӘК алғаным тыныш» дейді, - деп жауап берді филиал басшысы.

- Істері өрге басқандар да, ебін тауып, алып, қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз жұмсағандар да бары белгілі. Өзіңізге жақсы аян, бір емес алты бірдей грант иегерінің қаржыны қалай, қайда жұмсағаны сотта қаралуда. Сыртқы есіктегі кәсіпкерге арналған хабарламаңызда «Курсқа келген күннен бастап, он екі ай бойы кәсіпкерлік палатаның сүйемелдеуінде болады делінген екен.  Істері сотқа жеткендердің қаржысының жұмсалу тәртібі сіздің қадағалауыңыздан тыс қалғаны ма? - деп сұрадық.

- Өткен жылы пандемияға байланысты төрт топ бойынша курс жүргізілді. Оқу онлайн форматта өтті. Аудандағы интернеттің шабандығын білесіз. Курс тыңдаушылары бизнес әліппесін жүз пайыз жоғары сапада қабылдады дей алмаймын. Кейін қаржы қолға тигесін де осы карантиндік шектеулерге байланысты кәсіп бастауға қажетті құрал, түрлі қондырғылар дер кезінде сатып алынбады. Талап бойынша тоқсан күннің ішінде кәсіп бастаушы өз жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды, еңбек затын сатып алып, тиісті түбіртектерін көрсетуі керек. Осы аралықта кәсіп бастаймын дегендердің әр қайсысына қоңырау шалып, талаптарды ескертіп отырдық. Болмаған соң ауылдық округ әкімдіктері арқылы жазбаша хабарлама да жібердік. Телефон арқылы айтқанымыздан да, қолына тиген хабарламадан да еш нәтиже шығармаса, үш күн ішінде аудандық жұмыспен қамту орталығына қаржыны мақсатты жұмсалынбағаны туралы мәлімет беруге міндеттіміз. Міне, бүгін түске дейін сотта болдық. Бақша саламын деген ауылдасымыз алғанқаржысын мақсатсыз жұмсаған. Өзінің айтуынша, «мал алдым» дейді. Сотта да сол ауылдасымызға болысып, «әлі де кеш емес, сол малыңызды сатып, тұқым ба, суару құралдарын ба, бақша ісіне қатысты заттарыңызды алып, кәсібіңізді бастаңыз» деп ұсыныс айтып көрдім. Жауапкеріміз қаржыны қайтаруды жөн көріп отыр, - дейді Бибігүл Жұмағұлова.

Істері сотқа жеткендерді таратып айтсақ, бақша жұмысын бастаймын деп грант алған екі азаматтың, жекенің малын бағамын деп қаржы алған бір азаматтың, сән салонын ашамын деген бір азаматшаның, ателье ашып, табыс таппақшы болған бір азаматшаның ісі сотқа жолданыпты.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов қайтарымсыз қаржының да жауапкершілігі барын айтады.

- Гранттың артында үлкен жауапкершілік, қадағалау бар. Грантты алған азаматтан да, грантты тағайындаған бізден де, қараған комиссиядан да сұрау болады. Біреулері қаржыны мақсатсыз жұмсаса, енді бірі жалған құжат ұсынады. Қайтарымсыз берілсе де, сол қаржының өз мақсатымен жұмсалуы қадағалауда болатынын ескере бермейді, - деп налиды Медет Жастауұлы.

Шыны керек, грант алған азаматтардың кәсіптерін қалай жүргізіп жатқанын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тиісті мекемелерге жолдайтын есебі түгел, дұрыс болса, болды. Салық та, басқасы да «сіз қайтарымсыз қаржы алып едіңіз ғой. Есебіңіз түгел екен, өніміңіз кәне?» дей алмайды. Неге? Жауап біреу. Мораторий. «Ішің білсің, Алуа-ай!»

Тігін тігіп, табыс табамын деп грант алған бір апамызды жақсы танысақ та,  тігіншілік қабілеті барын білмеппіз. «555 600 теңге грант алдым» дегенін де естімеппіз. «Грант алыпсыз ғой, үйден отырып тігін тігесіз бе? Тым құрығанда шалбар қысқартып, көйлек тарылта аласыз ба?» деп сұрадық. «Ой, Алла-ай, сол грантты өз қалтаңнан беріп жатқандай түгендеп қапсыздар ғой. Пайда көріп, алғандардың басы-аяғы мен бе екенмін. Мың жерден тексерсең де, талап еткен құжаттарын тапсырдым» деп ренішін білдірді. Солайы солай ғой.

Үкіметті ниет қылған, ебін тапқандарға оңды-солды грант үйлестіретін мейірімді Аяз атай көретініміз қызық. Үкіметтің ұсынып отырған қаржысы еңбек етіп, кәсіп қылып жүрген халықтан қазынаға түскен қаржы екенін ұмытпайық.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Сурет inform.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале