Сырым ауданында балалар мен жасөспірімдер арасында бата беру және «Тазша бала» байқауы өтті.
Халық ауыз әдебиетінің тамаша жанры – қырық өтірік айту. «Өтірікті шындай, шынды Құдай айырғандай» қиыннан қиыстырып айту үшін де балаға сөз шеберлігі, қиял кеңдігі керек. «Тазша бала» байқауын өткізудің негізгі себебі – сол. Бұл сайыста өлеңтілік С.Оразбек І орынды иеленді. Кейінгі жүлде алғабастық А. Жанболатұлы мен Жосалы ауылдық округі, Тамды ауылынан қатысқан Т.Мақсатқа бұйырды. 7 – 10 жас аралығындағы «өтірікшілердің» арасында жосалылық І. Нұртас жеңімпаз атанды.
- Баталар сайысына балалар ерекше дайындалыпты. Жасыратыны жоқ, қазір үлкендердің өздері бата бере алмай жатады. Сондықтан, біз ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге тиістіміз. – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, мәдениет үйінің қызметкері Ақкүміс Мұрадымова.
Бата беру байқауында талдыбұлақтық Н.Аманжолұлы І орынға, бұлдыртылық Ж.Мұратқызы мен қособалық Ж.Қасиет екінші орынға, ал тоғанастық Ә.Балтабай мен тамдылық Н.Тасболатов үшінші орынға ие болды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz