3.04.2021, 21:01
Оқылды: 79

Білікті бапкер

Әкем інім екеумізді жастайымыздан күреске берді. Ол кезде бар болғаны 5-сыныптың оқушысы едім. Бізге бапкер болып Батыров Замир ағай келді. Содан мектеп бітіргенше Замир ағай жаттықтырды. Жарыс болардың алдында күніне 2 мезгіл жаттығу жасайтынбыз. Бозкілемдегі күндер бұл күнде сағынышқа айналды. Жаттықтырушымыз күрестің алдында үнемі ақыл-кеңесін айтып, бізді жігерлендіретін. «Бұл жарыс сендер үшін есік іспетті. Бұл есікті ашсаңдар, келесі есік шығады. Сөйтіп бірнеше есікті ашуларың керек. Өмірдің өзі түрлі есіктерді ашудан тұрады» деп айтқаны әлі күнге санамда сақтаулы тұр. Жақында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арнайы барып, білікті бапкермен сұхбаттасып, әңгімесін жазып алған едік. Соны қалың оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.

20210403_205224

Алғашқы бапкерім – Мирфайыз Байдеуов

– 1990 жылдары «Дала қызығы» деген болатын. Сол кезде жеңіл салмақта бағымызды сынағанбыз. Сол кезден бастап күреске деген қызығушылығымыз оянды.  Жаңақала ауданының құрметті азаматы – Байдеуов Мирфайыз ағайымыз кішкентай күнімізден күреске баулыды. Жан-жақты болатын. Тек қана күрес емес, барлық спорт түрінен өз білгенін үйретті. Жақсы деңгейде спортшы болып қалыптасуымызға үлкен үлес қосты. Ең алғашқы бапкерім сол кісі. Мирфайыз ағай қалай біздің мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келді, өміріміз солай өзгеріп сала берді. Бала қиялға қанат бітіп, ағайымыз сияқты спортшы болуды мақсат тұттық. Оқу бітіргеннен кейін оқуға түсе алмадым. Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден келгеннен кейін Батыр Қуаныш, Асқар Шайхиев сынды мықты бапкерлердің қол астында жаттықтым. Қазақша күрес, самбо, дзюдо осы үш күрестің үшеуіне де күрестім. Жас кезімде бірталай жетістіктерге жеттім.

Әскерден оралған соң қазіргі М.Өтемісов атындағы жоғары оқу орнына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдадым. Спорттың ішінде күрестің орны мен үшін өте жоғары. Өйткені күресте барлық нәрсе бар. Шыдамдылық, табандылық, айла-тәсіл, психологиялық дайындық, бәрін күрестің ішінен табуға болады.

20210403_205032

Залға оралуды тілеп жүрміз

Елімізде карантин режимі басталғаннан бері күресті де онлайн өткізетін болдық. Әлеуметтік желіде арнайы чатымыз бар. Сол арқылы балаларға тапсырмалар беремін. Олар жасаған жаттығуларын түсіріп жібереді. Резіңке тарту, турникке тартылу, дене жаттығуларын оқушыларым үйден жасап жүр. Әрине, залда үйреткенге жетпейді ғой. Жарыстар да кейінгі қалдырылып, жасөспірім балаларға қиындау соғып жатыр. Себебі жарыс жас палуандарды шыңдайды, жетілдіреді. Оқушылар «Ағай карантин қашан бітеді?» деп сұрағанда күрес залын сағынғандарын түсіндім. Алдағы уақытта бәрі қалпына келеді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда күрес залына оралып, алаңсыз жаттығуды тілеп жүрміз.

Шәкірттердің жеңісі жігер береді

Қолыма дипломымды алып, жолдама арқылы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне күрестен жаттықтырушы боп келдім. Бұл 2006 жыл болатын. Қазақ күресінен бапкер болып қызмет атқарып келе жатқаныма табаны күректей 14 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жеттік. Ерасыл Ахметов Алматы қаласында Қажымұқан атамыздың турнирінде топ жарды. Қайырбек Нағымов, Еламан Рахимов, Жалғас Тілекқабылов сынды шәкірттерім үмітті ақтады. Қыздардан Гүлнәз Серікқалиева, Әмина Зейноллаева есімді шәкірттерім өз салмақтарында облыс чемпионы атанды.

Олардан бөлек бірнеше шәкірттерім жеңімпаз әрі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Қай жүлде болсын төккен тер, еткен еңбектің арқасында келетіні анық. Өзің үйреткен шәкірттерің жеңістің биік тұғырынан көрінген сәттегі сезім бөлек болады. Бойыңды мақтаныш кернейді, шын қуанасың.

Қазақ күресінде төрелік жақсарды

Бұрын қазақ күресінде даулы нәрселер көп болатын. Қазір төрешілік жақсарды. Бір ретке келді деп айтсақ болады. Палуандардың ұпайын есептейтін арнайы табло қойылады. Көрермендер де смартфондарына түсіріп отырады. Республикалық жарыстарда үлкен экран арқылы бейнеқайталау көрсетіледі. Кім қандай әдіске түсіргені анық көрініп тұрады. Жыл сайын асыға күтетін «Қазақстан барысы» додасындағы төрешілік де едәуір жақсарды. Іріктеу де әділ өтеді. Бұра тарту, қысу деген нәрселер жоқ. Ақ Жайық өңірінен «Қазақстан барысы» атанған палуанды мүмкіндігінше тездетіп көргіміз келеді, - дейді Замир Батыров келер күнге үміт артып.

P.S: Палуанның бағын ашатын бапкер екеніне дау жоқ. Мақаламызға арқау еткен Замир Батыров ауданымыздағы бетке ұстар білікті бапкерлердің бірі һәм бірегейі. Талай бозбаланың күреске қызығушылығын арттырып, аудан мерейін асыратын, намысын абыройлы қорғайтын спортшыларды барын салып баптайтын бапкер ағамыздың еңбегіне ауылдастары да дән риза.

20210403_204952

Дәурен Мерешов, шәкірті:

- Замир ағай 2006 жылы бізге жаттықтырушы боп келді. Сол кезден бастап мектеп бітіргенше сол кісінің қол астында күрестің қыр-сырына қанығып, біраз жарыстарға қатыстық. Облыстық, республикалық жарыстарға апарды. Ұстазымыздың облыстан бірнеше шәкірті жеңімпаз атанды, енді республикадан чемпион шығарсын деген тілегімді жолдаймын. Замир ағайымызды үлгі тұтамыз, айтқандары әлі күнге есімде. Күрестің алдында және жаттығу аяқталған соң ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибесінен азық болар жақсы әңгімелер айтушы еді. Замир ағайдың күресті үйретуі ерекше. Балалармен жақсы жұмыстанады.

20210403_204930

Жандарбек Жұмағұлов, шәкірті:

- Талай баланың талантын танып, талабын ұштаған білікті бапкер Замир ағайдың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ағай өмірде мінезі жайдары болғанмен, залда қатал болатын. Әрқашан еңбектенген, жаттығуды қалдырмаған адам ғана жеңіске жететінін үнемі айтып отыратын. Уақытпен дұрыс жұмыс істеуді, әрқашан табандылық танытуды үйретті. Балуанның физикалық дайындығынан бөлек психологиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлетін. Жарыста да ағайдың қолдауын сезініп, үмітін ақтауға бар күшімізді салатынбыз. Әлі күнге күресті сағынып, бозкілемді аңсап тұрамын. Демалысқа келгенде күрес залына барып, ағайыма амандасып, жаттығуына қатысып кетемін. Ісіне адал, білікті бапкер Замир ағайдың қазіргі шәкірттері де облыстық, республикалық жарыстарда топ жарады деп сенемін.

Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале