Биылғы қардың көп мөлшерде түсуі төтенше жағдайларға соқтыруы мүмкін екені айтылды. Жәйсыздық орын алмауы үшін барлық округтерде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жуырда Бәйтерек ауданына қарасты Январцев ауылдық округінің әкімдігі ауылдың басты көшелеріне жиналған біраз суды сорып, Жайық өзеніне қарай ағызды.
Бұл туралы ауыл әкімдігінің бас маманы Манас Жұмиев мәлімдеді. Оның айтуынша, көшелерге жиылған 5600 текше метр су Жайыққа ағызылыпты.
-Ауылдағы Самушня көшесі мен Гагарин көшесінің қиылысындағы және Братская мен Советская, 8 наурыз көшелерінде тұратын тұрғындар үйлерінің алдына жиналған су арнайы автокөліктің көмегімен шығарылды. Нәтижесінде, аталған көшелерде орналасқан үйлерді су басу қаупі жойылды. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Осы істі оңды етуге қолғабыс еткен «Жайық мұнай» ЖШС-на ризашылығымыз шексіз,- дейді М.Жумиев.
Мұндай жұмыс Рубежин ауылында да атқарылды. Ауыл әкімдігінен түскен мәліметке сенсек, еріген қар суы Бейбітшілік көшесінің бойындағы үйлерге кіре жаздапты. Жергілікті тұрғындар мен әкімшілік қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында 200 текше метр су шығарылған. Сонымен қатар су жүретін жолдар тазаланып, арықтар аршылыпты. Нәтижесінде су басу қаупі сейіліп, тұрғындардың жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасалған. Ауыл әкімі Асылбек Кенжин суды соруға қолғабыс еткен жеке кәсіпкер Александр Башировқа ризашылығын білдіреді.
Қос ауылда да жол бойындағы су өткізетін орындар тазартылып, ауыл ішіне жиналған суды елді мекен жанынан ағып жатқан өзендерге бұру ісі жасалыпты.
Гүлжан Аязбева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz