9.04.2021, 12:14
Оқылды: 47

Жаңақалада Дина күйлері дәріптелді

Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Габдрахованың ұйымдастыруымен Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай «Күй анасы – Дина» атты әдеби-сазды кеш өтті.

 Дина күйлері дәріптелді

Іс-шара барысында Дина Нұрпейісованың ескерткішіне мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойды. Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу құттықтау сөз сөйлеп, дәулескер домбырашы, ұлы күйшінің өмірінен сыр шертті. Одан соң тағылымды шара модельді кітапханада жалғасты. Ең алдымен кітапханашы Нұргүл Оспанқызы «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесімен таныстырды. Мұнан кейін Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің директоры Әліби Ғұбашев сөз сөйлеп, мектептің қысқаша тарихына шолу жасады.

Шараға Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің педагог-зерттеуші ұстазы Гүлбар Шуақбаева қатысып, төл шәкірттерімен бірге Динаның «Тойбастар», «Партия туралы» күйлерін орындады.

Нұрпейісовтер әулетінің жиені, Нұралы мен Динадан туған қыз бала Бақтылы Кердері руының азаматы Өтегенмен тұрмыс құрады. Одан туған Ниетқали ағамыздың қызы Роза апамыз, яғни Нұрпейісовтер әулетінің жиеншары бүгінде Көпжасар ауылында тұрып жатыр.

Шара қонағы болған Роза Ниетқалиқызы Дина әже туралы қызықты естелік әңгімелер айтты. Мұнан кейін Д.Нұрпейісованың жиеншары Мұқағали Русланұлы орындаған «Жеңіс» күйі бейнеэфирден көрсетілді.

Кеш соңында ұлағатты сұтаз Г.Тұрланқызы дәулескер домбырашы Динаның «Науысқы», «Өттің дәурен» күйлерін нақышына келтіре шертіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

Ақсұңқар Сәдір,

Жаңақала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале