Жұмат Сәрсенбиев 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңақала ауданының №8 ауылында жарық дүниеге көрінген. Орта мектепті бітірген соң, Оралдың ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, ветеринар-техник мамандығын алып шығады.
1942 жылдың сәуір айында Қызыл әскер қатарына алынып, Отанын қорғауға атсалысты. Ол Курск иініндегі және ІІІ Украин майданындағы шайқастарға қатысқан. Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі «Жауынгерлік даңқ» орденімен және көптеген медальмен марапатталған. 1944 жылдың маусым айында ауыр жарақат алып, елге оралған.
1944-47 жылдары Фурманов аудандық ішкі істер бөлімінде өрт сөндіру қызметкері болып еңбек етеді. 1947 жылдың маусым айынан бастап аудандық партия комитетінің жолдауымен 1984 жылдың маусым айына дейін ауыл шаруашылығы саласында әр түрлі жұмыстар жасайды. Әуелі ветеринар-техник, бөлімше меңгерушісі, «Красный партизан» совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. Аталмыш совхозда зейнетке шыққанға дейін 40 жыл жұмыс жасаған. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «В.Лениннің туғанына 100 жыл» толуына орай мерекелік, «Еңбек ардагері» медальдарымен және аудандық партия комитетінің, совхоз басшылығының мақтау грамоталарымен марапатталған.
Ауыл шаруашылығында жұмыс жасап жүрген кезінде бірнеше рет Фурманов аудандық атқару комитетінің депутаты болып сайланған.
Майдангер отбасында бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген. Ұл-қызынан он немере сүйген қария Жалпақтал ауылында тұрады. Ол – Казталов ауданының құрметті азаматы.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
zhaikpress