20.04.2021, 14:02
Оқылды: 13

Өмір жолы өнеге

Константин Кочережкин Ұлы Отан соғысына шақырылғанда 17 жаста болған екен.

 Константин Кочережкин1

Константин Леонтьевич 1927 жылы 1 қарашада Зеленов ауданының  Новенький ауылында дүниеге келген. Бозбаланы майдан шебіне  бірден алғысы келмеген екен. «Себебі сапқа тұрғанда бойы ең кішкентайы мен болдым. Кейін  өстім ғой», - деп еске алады ардагер. Ол 1944 жылдың  тамызынан 1945 жылдың қыркүйегіне дейін Қиыр Шығыс майданында байланысшы болады. Одан соң бес жыл Германияда барлауда қызмет етеді.  Майдангер  жапондық Квантун армиясын талқандауға қатысқан. Харбин түбіндегі қиян-кескі ұрыста мықты ерік-жігер танытады. Жапон милитаристеріне қарсы кескілескен шайқаста байланысты қалпына келтіргені үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сонымен бірге майдангер «Жанпонияны жеңгені үшін» медалімен және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін кеудесіне тағады.

Соғыстан оралған соң, Орал ет комбинатында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен майдангер 1987 жылы зейнетке шыққан. Кәсіпорындағы жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамаған оның еселі еңбегі еленіп, көптеген алғысхатқа ие болды. Ардагер бүгінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елордада өткен Жеңіс шеруіне қатысқанын ыстық ықыласпен еске алады.

Жастайынан-ақ аң және балық аулағанды ұнататын ардагер еліміздің ғана емес, әлем жаңалықтарына да құлақ түріп отырады. Ол жастардың мәдениетті, әділ, елін сүйетін азамат болып өскенін қалайды. Жан-жақтан қаумалап келетін немере-шөберелерінің ортасында бақытқа бөленіп, қуанышқа кенеліп отырған ардагер әулетінің мәуелі бәйтерегі іспетті.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале