Жер дүниені дүр сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 76 жыл толғалы отыр. Арада жылдар өтсе де, Ұлы Жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін жақсы білеміз. Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып қала бермек.
Кеңес одағының миллиондаған халқымен бірге Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Ел тағдыры, жер тағдыры таразы басына түскен сын сағатта жерлестеріміз де ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін» деген ұранмен еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тылда еңбек етті. Сол сұрапыл жылдары тылдағы жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсеткен әкелеріміз бен аналарымыздың еңбегі ел есінде.
Олардың ерліктері, бірліктері, бауырмалдық және ынтымақтастық қасиеттері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық болып табылады. Біз бүгін ерліктері тарих бетіне алтын әріппен жазылған Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан барлық ардагерлеріміздің өмір жолын үлгі етеміз, құрмет көрсетеміз. «Ерлік ескірмейді» дейді дана халқымыз. Елі барда ерлердің аты өшпейді. Аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Уақыт өткен сайын ол асқақтай түседі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алады, оларға қарап бой түзейді.
Бұл мереке – ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі де осынау мерекенің жемісі. Ерлікке толы бұл күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала береді.
Құрметті жерлестер!
Бүкіл халық жадындағы қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Қан майданда от кешкен майдангерлеріміздің арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешудеміз. Сіздерге ұрпақтарыңыз атынан шексіз алғыс білдіреміз. Бәріңізге бақыт пен қуаныш, денсаулық тілейміз!
Ізгі тілекпен,
Ақсерік Әйтімов,
ҚазИИТУ құрылтайшысы және президенті, ҚР ҒЗА-ның академигі, Ұлттық инженерлік академияның БҚ бөлімінің төрағасы,
«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» иегері,
Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты,
Әліби Баяхов,
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық
жүйелер университетінің ректоры, академик
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress