«Менің аулам - менің бағым» жобасы бойынша Жәнібек ауылының тұрғыны Самал Ғұмарова «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес- идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа ие болды.

-Жоба жайында естіген сәттен-ақ қолымда сертификатым бар неге қатысып көрмеске, бәрібір жұмыссыз отырмын ғой деген ой келді. Содан аудандық жұмыспен қамту орталығының қолдауымен жобаға қатысып, бизнес-жоспар құрып, ақыры грантқа ие болдым. Қаражат қолыма тиген күннен бастап жұмысқа кірісіп кеттім. Қайрат Кәрімов арқылы бөлінген ақшаның 264 мың теңгесіне жеміс талдарын, тыңайтқыштар мен құрал-жабдықтар алдым. Сөйтіп, күйеуім, балам барлығымыз жұмыла жүріп, жас көшеттерді аула ішіне отырғызып тастадық. Бұрын үй маңына бір-екі терек еккенім болмаса, жалпы бұл салада тәжірбием жоқ. Дегенмен бағбан Қайрат Кәрімовтің онлайн сабақтары арқылы талдарды қалай күту керек екенін үйреніп жатырмыз. Бүгінде 6 алма, 4 өрік, 68 таңқурай отырғыздым. Әзірше құбыр арқылы келіп тұрған сумен суғарып жатырмын, алдағы уақытта ауламнан құдық қаздырмақшымын. Бастысы еңбегіміз ақталып, талдарымыз өсіп, жемісін көрсек екен,- дейді Самал Болатқызы.

Жалпы бөлінген қаражат құны 583 мың 400 теңге. Соның 264 мыңы бақшаға жұмсалса, қалған 319 мың 400 теңгесі ірі қара, қой немесе шаштараз секілді қосымша табыс көзін ашуға арналған. Себебі отырғызылған жеміс ағаштары өнім бергенге дейінгі аралықта грант иесі өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, бақша жұмысын тиянақты жалғастыруы қажет.
Бақытжан Маратұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz