1 мамыр мерекесіне орай Дариян ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Балым Ниетова «Береке басы – достық» тақырыбындағы онлайн көрме ұйымдастырды.
Бірлік пен татулықты ту еткен көрмеге мәдениет үйі жанынан ашылған «Мариям» татар, «Чернова рута» украин, «Сябры» беларусь, «Сударушка» орыс ұлттық шығармашылық үйірмелері мен «Ақ шағала» әжелер ансамблі атсалысты.
-Ата-баба аңсаған Тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз. Теңдесі жоқ бірлігімізді паш етіп, жас ұрпақтың бойына қазақстандық патриотизм үлгісін сіңіру мақсатында осы шараны ұйымдастырдық. Көрмеге қойылған заттар барлық этно-мәдени орталықтардың жасақтаған бұйымдары. Қатысушылар пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісуде. Болашақта аталмыш көрмені оффлайн форматта өткізсек деген жоспарымыз бар,-деді мәдениет үйінің әдіскері Б.Ниетова.
Қараған жанның көз жауын алатын көрме еліміздің татулығы мен бірлігінің символы іспеттес. Желі арқылы көрмені тамашалаған жандар жылы пікірлерін білдіріп, ұйымдастырушыларға рахметтерін жаудыруда.
Гүлжан Аязбаева
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz