
Феликс Баюканский, «Ламед» еврей этномәдени орталығының жетекшісі:

– Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, яғни 1989 жылдың 16 желтоқсанында Орал еврейлерінің мәдени-ағартушылық бағытындағы қоғамы құрылған болатын. Бұл күні еврейлер өзінің Хануки деп аталатын мейрамын тойлайды. Арада екі жыл өткенде, дәл осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ал бұл сәйкестікті еврей ұлты жақсылықтың нышанына балаған едік.
Еліміз егемендігін алғаннан бастап, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында біздер ешкімнен қорықпай, жалтақтамай, бейбіт күнде тыныш өмір сүрудеміз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, өзге ұлттың диаспоралары арасындағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында біз бұл жерде уайымсыз жұмыс істеп, өз балаларымызға еврейлердің ана тілін үйретіп, дәстүрлерін жалғастыруға зор мүмкіндік алдық. «Ламед» этномәдени орталығы бүгінгі таңда өзге де мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер және балалар ұйымдарымен бірге республика көлемінде аталып өтілетін барлық мереке-мейрамдарды тойлауға белсенді атсалысады. Өйткені мемлекет бізге барынша жан-жақты қолдау көрсетуде. Сонымен қатар алыс және жақын шетелдердегі еврейлердің өмірімен жақын танысып, олармен еркін араласып, ақпарат алмасып, тәжірибе бөлісіп келеміз. Бұл үшін қазақ еліне шексіз ризашылығымды жеткіземін.
Қазақстан халқы үшін 1 мамыр – ынтымақ пен бірлік күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны қашан да ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік! Мереке құтты болсын!
Белла ТЮ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары, кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

– Мен 1974 жылы сол кездегі Орал облысы, Приурал ауданы, Красноармейское ауылында дүниеге келдім. Красноармейка орта мектебінде оқып, 1990 жылы күміс медальмен бітірген едім. Сол жылы Қарағанды кооперативтік институтының бухгалтерлік есеп және аудит факультетіне түсіп, 1994 жылы тәмамдадым. Жоғары оқу орнынан кейін Орал кооперативтік техникумында қаржы пәндерінің бірінші санатты оқытушысы болып еңбек жолымды бастадым. ҚазИИТУ оқу ордасында оқытушы қызметінде де атқардым. Бүгінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы директорының шағын және орта бизнес жөніндегі орынбасарымын. Әкем Владимир Тю 1959 жылы Қызылорда пединститутын бітіргеннен кейін Орал облысына жолдамамен жіберілген екен. Содан Красновск орта мектебінде мұғалім болып, кейін 1962 жылдан бастап Красноармейка ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепке ауыстырылған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін сол мектепте директор болды. Ал анам Нина Петровна – Красноармейск ауылындағы «Қазақтелеком» АҚ байланыс торабының бастығы болып еңбек еткен жан. Негізі, біздің отбасы үлгілі интернационал жанұя десек, артық айтқандық болмас. Ағайынды үш қыздың тұңғышы орыс ұлтының жігітіне тұрмысқа шықса, одан кейінгі әпкем кәріс ұлтына, ал мен қазақтың Нұрлан Бердіғалиев есімді азаматына жар болдым. Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым үйдің тұңғышы болғандықтан, қазақтың барлық салт-жоралғысын сақтауға тырысамын. Қазақ – қонақжай халық. Сондықтан үйге құдайы қонақ жиі келеді. Қонақ келсе немесе отбасылық басқосуларда ет асуды әдетке айналдырдым. Кенже қызымыздың бесік тойын өткізіп, тұсауын кестік. Ол қазақша балабақшаға барды. Кәріс ұлтының кей мейрамдары қазақы дәстүрге сәйкес келеді. Әсіресе, үйлену тойлары мен туған күндерді атап өтуге қатыстылары. Қазақ халқы мерейлі 60 жасты дүркіретіп тойласа, кәрістер бұл жасты хангаби деп атап өтеді. Баланың алғашқы туған күні, яғни сәби бір жасқа толса, асянди той-томалағын жасайды.
Жыл сайын қазақстандықтар 1 мамырда қазақ жерін мекендеген халықтардың бірлігі күнін, достық пен ынтымақтастық мерекесін атап өтеді.
Дүрбелеңге толы бүгінгі заманда Қазақстан – басқаларға ұлтаралық татулықтың, бір-бірінің құқығын бұзбай, өзара сенімділікпен өмір сүрудің нағыз үлгісін көрсетіп отырған бақытты ел.
Елімізде нық орныққан халықтар достығының арқасында елдегі барлық қиындықтарды жеңіп, тәуелсіздікті нығайта түстік, мемлекеттің экономикасы да жаңа белестерге көтерілуде. Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген керемет нақыл сөз бар. Бірлігіміз бекемденіп, берекеміз арта берсін деп тілеймін.
zhaikpress.kz