4.05.2021, 1:01
Оқылды: 49

Біраз мәселеге қанықты

 Өткен апта соңында облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Елнұр  Бейсенбаев келді. Ол Орал  қаласындағы бірқатар әлеуметтік  өндіріс нысандарының жұмысымен танысты.    

1619780093930

Мәжілісменнің сапары былтыр ашылған «Отбасы» орталығынан басталды. Бұл жерде мекеменің ішкі тіршілік-тынысымен терең танысып,  көп балалы аналармен тілдесті. Олардың өтініш-тілектерін зейін қоя тыңдаған депутат осындай жоба елордада 2019 жылы ашылғанын тілге тиек етті.  

Иә, Оралдағы бұл «Отбасы» орталығы өз жұмысын бастағалы қамқорлыққа зәру мыңнан астам жанға көмек қолын созған. Мұнда негізінен психолог, заңгер және әлеуметтік сұрақтар бойынша бағыт-бағдар беретін мамандар топтастырылыпты. Сонымен бірге нәзік жандарға арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылуда. Осында келіп, жаңа іс бастап жатқан қыз-келіншектер де көп екенін естіп-білдік. Оларға мемлекеттік гранттың шарапатын көріп, өз кәсібін бастаған жерлестеріміз көмек қолын созуда. Ең бастысы, орталықтың жұмысы, қазақы қамқорлық, шешімін тапқан мәселелер көңілге қонымды, жанға жағымды әсер қалдырады. Халық қалаулысы мұндай орталықтарды құрудың  мән-маңызына тоқталып, өз ризашылығын да жеткізді.  

Келесі кезекте Мәжіліс депутаты аялдаған жер – «Шабыт» шығармашылық орталығы болды. Еліміздегі эпидахуалға байланысты қаладағы біраз мейрамхана-тойханалар өз қызмет бағытын өзгертіп, зәулім сарайларын игілікті іске пайдалануға бергені көпке мәлім. Қазіргі күні жүздеген ұл-қыздың сабақтан тыс кезде сүйікті ісімен айналысып, өз шеберліктерін шыңдауына жол ашқан бұл орталық та күні кешегі тойхана еді. Бүгінгі тіршілік ауаны мүлдем бөлек. Мұнда ондаған үйірме тұрақты жұмыс істейді. Күйші де, биші де, спортшы да, ісмер де, көркем гимнастикаға қызығушылар мен қолы епсекті мүсінші де, қайсыбірін айтасың, бәрі осында! Әйтеуір бала көңілі мәз, орталық іші қайнаған тіршілік. Өзі де жастар легінен келген жас депутат бірден теннис ракеткасын  қолына алып, қызу ойынға кірісіп кетті. Тәлімгердің де, шәкірттің де ойын өрнегін байқап көрді.

– Өздеріңіз білетіндей, соңғы сайлауда жас толқынға көп көңіл бөлінді. «Nur Otan» партиясы атынан депутаттық мандатқа ие болған Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихаттарда қазір жасы отыз беске дейінгі 600 әріптесіміз бар. Бұл – үлкен күш. Сапарымның негізгі мақсатының бірі жергілікті жерлердегі сол депутаттардың белсенділігін өз көзіммен көріп, тәжірибе алмасу, бір-бірімізге қолдау-көмегімізді көрсету екенін де айта кеткенім артық болмас. Ал енді мынау «Шабыт» пен әлгіндегі «Отбасы» орталықтарындағы атқарылып жатқан жұмыстар маған ерекше әсер қалдырды. Алдыңғысы аналарға айрықша қамқорлық танытып отырса, мына жерде жас ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударылуда. Ертеңгі күні қазақ елін әлемге танытатын ұл-қыздар осы топтың ішінде жүрмесіне кім кепіл?! Іске сәт, жақсы іс әр кез өз жалғасын таба берсін, – деді өз сөзінде  депутат  Елнұр  Бейсенбаев.

 *     *     *

 Содан кейін  Елнұр Бейсенбаев «Green service company» ЖШС іске қосқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Аталған кәсіпорынның құрылтайшысы Азамат Бисеновтің айтуынша, бұл орынға қаладан тәулігіне 200 тонна қалдықтар әкелінеді екен. Сол тұрмыстық қалдықтардың тек жартысына жуығы  ғана  сұрыпталып  үлгереді.

– Толыққанды жұмыс жасауымыз үшін бірқатар қолбайлаулар болып тұр. Бұл зауыт салынған кезде 120 адам жұмыс жасайды деген есеп болатын. Күні бүгінде жұмысшылар санын 40-қа әрең жеткізіп отырмыз. Әр адамға 100 мың теңге жалақы төлеп, үйлерінен таситын аутобус шығарып, зауыт асханасынан үш мезгіл тамақ береміз. Осындай жағдай жасап отырсақ та, жұмыс істеуге ниеттілердің қарасы артар емес. Сол себепті де зауыт толық қуатта жұмыс жасай алмауда. Ауыл шаруашылығымен айналысатындарға арзан жұмыс күшін тартуға болады да, ал біз секілді кәсіпорындарға рұқсат жоқ. Осындай зауыттарға көршілес мемлекеттерден біздің елге жұмыс жасауға келетін азаматтарды алу жолдары қарастырылса екен, – деді А.Бисенов.

Бүгінде аталған зауытта 200 тоннадан астам картон мен қағаз қалдықтары жиналып қалған. Қоқыс төгетін полигонда жану деректері болмау үшін қағаз қалдықтарын сұрыптап алып, зауыт ауласында сақтауға мәжбүр. Оны шикізат ретінде Ресейге шығара алмауда. Ал еліміздегі қағаз өңдеу зауыттары сапасы төмен, әрі лас қағаз қалдықтарын қабылдамай  отыр.

– Кәсіпорында жиналып қалған қағаз қалдықтарын кәдеге жарату төңірегінде де түйткіл көп. Сұрыпталып үлгерген тұрмыстық қалдықтарды Ресейге шығаруға қойылған мароторий алынғанымен, мемлекеттік кіріс құрылымдарынан құжат рәсімдеп, рұқсат алу оңай шаруа емес. Еліміздегі өңдеу зауыттарына жеткізудің шығыны шаш етектен. Көршілес орналасқан Ресейдің облыстарына экспорттау өте ыңғайлы, әрі көп шығынды талап етпейді. Осы мәселені де Мәжілісте көтерсеңіздер екен, – дейді кәсіпорын құрылтайшысы  А.Бисенов.

Жоғарыда айтылған мәселелерге қарамастан зауыт басшылығы жұмысты ілгерілетудің жаңа жолдарын іздестіруде. Өткен жылы кәсіпорын пластик қалдықтарын пайдаланып, сәнді әрі бағасы да қолжетімді өрнектас өндіруді  қолға  алған.

– Мұндай кәсіпорындарда жалақының аз болуына байланысты жергілікті тұрғындар жұмыс жасағысы келмейді. Сондай жағдайда өзге мемлекеттерден жұмысшылар алу мәселесі туындайтыны да анық. Бірақ күні бүгінге дейін елімізде осы мәселемен тікелей айналысатын агенттік те, комитет те жоқ. Ел Президентінің тапсырмасымен Қазақстандағы ішкі және сыртқы жұмысшылар миграциясын реттеп отыратын агенттік құрылмақ. Сол арқылы арзан жұмыс күшін еңбекке тарту мәселесі де шешілер деген үміттеміз. Осы жерде айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды құзыретті орындарға жеткізіп, алдағы уақытта оңтайлы шешілу жолдарын қарастыратын боламыз, – деді  Е.Бейсенбаев.

Парламент Мәжілісінің депутаты сонымен қатар «Бастау» коворкинг орталығында болып, өңірдің жас депутаттарымен кездесті.

– Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жас депутаттар корпусы құрылды. Оның құрамына Мәжілістегі және жергілікті мәслихаттардағы 600-дей жас депутат енді. Күні кешегі өткен сайлаудағы «Nur Otan» партиясы ұсынған бағдарламаларды жүзеге асыру жолында белсенділік танытуымыз қажет. Алда тұрған міндеттерді бірлік танытып, бірге атқарсақ ғана еңсереміз, – деді Е.Бейсенбаев.

Халық қалаулысымен болған басқосуда облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

 Бауыржан Махутұлы,

Нұрбек Зәкәрияұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале