4.05.2021, 20:47
Оқылды: 62

Сенаторлар Жәнібекке келді

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ләззат Рысбекова және облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен келді.

91BCC32D-97F7-425E-93E1-1E66DE71BCB3

Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан аудан орталығында жұмысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Лауазымды тұлғаларды қарсы алған аудан әкімі Азамат Сафималиев алдымен Бантюков қыстағында орналасқан «Әлем» шаруа қожалығының етті бағыттағы өндіруші асыл тұқымды бұқалар ұрпақтарының сапасы мен бұқаларды өз өнімділігі бойынша сынауды тексеретін  және бағалайтын сынақ стансасымен таныстырды. Оның жұмысы мен жабдықталуы жөнінде қожалық басшысы, облыстық мәслихат депутаты Есқайыр Елемесов кеңінен түсінік берді.

A93510B6-0CCF-495F-BB4A-DCB41FF84A8D

Әрмен қарай жұмыс тобы Жәнібек ауылының шығыс бетінде бой көтеріп жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Құрылыс барысын «Наурыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жұмыс тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Сенатор Нариман Төреғалиұлы құрылысшыларға сәттілік тілеп, тек қана халықтың алғысын алуларына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ меймандар құрылысы жүріп жатқан екіқабатты 24 пәтерлі тұрғын үйге ат басын тіреп, жұмыс барысымен танысты. Нысанның мердігері «ЭнергоРемСервис» ЖШС-і. Ал ішкі жұмыстар мен абаттандыруды «ЖайықСити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындайтын болады.

-Тұрғын үйдің құрылысына жұмысшыларды көбіне жергілікті жерден тарттық. Жұмысшы осы ауылдың тұрғыны болғаннан кейін жұмыстың қалай жүріп жатқанын көреді. Қазіргі таңда электр сымдарын толығымен өткіздік. Енді штукатурлап, еденін құю қалды. Жұмысшыларға еңбекақы уақытымен төленуде. Әзірге ешқандай мәселе жоқ. Осы уақытқа дейін жол мәселесі орын алып, жұмысымызды кешіктіруге тура келді. Дегенмен, шілде айында нысан құрылысын аяқтауға тырысамыз, - деді «ЭнергоРемСервис» ЖШС-інің басшысы Максим Рудь.

Сенат депутаттары Жәнібек-РФ шекарасына бет алып, ондағы жағдаймен таныс болды. Жәнібек ауылына кіреберіс 7 шақырым жолды «ҚазАвтоЖол» ҰК» облыстық филиалы жөндейтін болады. Аудан басшысы Азамат Сафималиұлының айтуынша, екі жақты шекараны болашақта халықаралық етіп жасауға үлкен мүмкіндік бар. Шекара мәселесі – күрделі мәселе. Бұл жөнінде сенатор Н.Төреғалиев өз ойын білдірді.

- Бүгін Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарына, яғни Жаңақала, Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордаға іссапармен шықтық. Жәнібек ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Шекара – аудан халқы көптен көтеріп жүрген мәселе. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы елді мекендердің шекаралас жатқан өткізу пункті. Дейтұрғанмен, Сырым ауданында орналасқан өткізу бекеті сияқты бұл пунктте соған ұқсас болса екен деген тұрғындардың ұсынысын естіп жатырмыз. Қазіргі таңда облыс орталығы мен Самара арасындағы шекара пунктінде үлкен кептелістерді көріп тұрмыз. Көліктер өткізу пункттерінің болмауынан Сырым бекеті арқылы өтіп жүр. Енді осы көп жақты шекара бекеті іске қосылса, мәселе шешімін табады. Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттар бұл өзекті мәселені күн тәртібінен түсірмейміз, - деді сенатор.

Жауып тұрған жауын-шашынға қарамастан лауазымды тұлғалар Бөкей ордасы ауданына бет алды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале