«Кәсіподақ қозғалыстарының ішінде аға буын өкілдерімен бірге ұйымдастырылатын шаралар – рухани қоржынды толтырып, еңбекке деген ынтаны күшейтеді», - дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Алтынай Айтпаева.
Өзінің құрылу тарихын 1961 жылдан бастаған Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына - биыл 60 жыл. Аталмыш мерекеде мекеме қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мен кітапхана басшылығының жетекшілігімен шағын кинокөрсетілім ұйымдастырылды.
Шараға кітапхана ісінің үздігі атанған зейнеткерлер, кәсіподақ ардагерлері мен жас мамандар қатысты.
Мерейлі 60 жылдыққа арналған кинокөрсетілімнен соң, еңбек көшінің аға буындары мен жас буын арасында өзара әңгіме өрбіп, арты сұқбатқа ұласты.
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шараға санаулы ардагерлер мен мамандар қатыса алды. Еңбек ардагерлері, өз кәсіптерінің білгірлері, кәсіподақ қозғалысының белсенділері – К.Алтаева, Г.Таушева, В.Толкачёва өз сөздерінде қазіргі еңбек жағдайлары мен еңбекке деген құлшыныстың бұрынғы сатылардан қалай ерекшеленетіндігі туралы айтты. Сонымен қатар жас мамандарға «Жемісті жұмыс» қағидасының принциптері жөнінде тәжірибелерінен баяндап, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Кітапхана қызметкерлері кәсіподақ ұжымына ұрпақтар сабақтастығын мақсат еткен осындай шаралардың көптен ұйымдастырылуын ұсынды.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ