«Еңбек адамының жұмыс жасаудағы құлқы мен құқығының кәсіподақтар назарында екені қуантады», - дейді Қанипа Төлеуғалиқызы.
Күлжемиева Қанипа Төлеуғалиқызы 1965 жылы Орынбор облысы, Первомай ауданына қарасты Уральск совхозында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы облыстық жасөспірімдер кітапханасында бастаған.
Бүгінгі таңда «Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқарады.
Отыз бес жылдық еңбек тәжірибесіне ие маман бүгін 12 мамыр күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-байланыс алаңында онлайн сұқбат берді.
Қанипа Төлеуғалиқызы – білікті, тәжірибелі маман болуымен қатар, кәсіподақ қозғалыстарына отыз жылдан астам уақыт бойы белсенді үлес қосып келе жатқан еңбек ардагері.
Өзінің азаматтық белсенділігімен, ұжымдағы жанашырлық әрекеттерімен көзге түскен маман 2018 жылы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапатталса, 2021 жылы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған болатын.
- Шыны керек, қазіргі белсенділігіміз бұрынғындай жалынды деп айта алмаймын, жастарға орын бердік. Дегенмен ішінде бірге қайнап жүрген соң білетініммен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырамын. Жалпы осы 35 жылдық еңбек тәжірибемде кәсіподақ жұмыстарына белсенді араласу – басты міндеттердің бірі болды. Сол арқылы қызметкерлердің өз-өзін басқара алу, басқаға талап қоя алу, өзінің құқықтарын білу сияқты мәдениеттер қалыптаса бастады. Атқарылған жұмыстар өте көп-ақ, бұл жерде айтып тауыса алмаспын. Дегенмен, қазіргі кәсіподақ қозғалыстары жан-жақты реформаланған, тек ғана іске, нақты нәтижеге негізделген екенін байқаймыз. Оған дәлел кешегі Үкіметте көтерген жалақы мәселесі,оның ішінде кітапханашылар да бар, - дейді.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ