«Көрші ата, сүйінші! Қаладағы келініңіз аман-есен босанды. Тағы бір ұл немереңіз бар!» деп көршісі сүйінші сұраған күні Қабыл қарияның қорасындағы бір қойы егіз қозы туған екен. Мұны үлкен кісі жақсы ырымға балаған деседі. Сөйтіп, «Жарық дүниеге енді көрінген немерем ырысты болғай» деп сәбиге «Бағлан» деп ат қойған. Сол Бағлан биыл төртінші сыныпты түгеседі. Каникулға шықса болды, ауылға, атасына тартады. Ауыл рахат қой, шіркін! Әсіресе, жазғы каникул кезінде. Атасы мұны бірер жылдан бері бағбандыққа баулып жүр. Тіпті, ол бірді-екілі кетпен-үректі немересінің бойына лайықтап саптап та берді. Рас, Бағлан бастапқыда білместіктен және балаға тән аңғалдықтан біраз ағаттыққа жол берді.
Мысалы, қияр енді шығып келе жатқанда шоғайнадан аумайды екен. Соның кесірінен балақайдың арамшөп деп ойлап, көктей бастаған біраз қиярды жұлып тастағаны бар. Бір күні екінді шамасында әжесі, «Кешкі тамаққа салатын аскөк әкеле ғой» деп жұмсағаны. Ал мұның аскөктің орнына желкілдеп өсіп қалған сәбіздің сабақтарын жұлып келгенін қайтерсің... Тағы бірде Жәмилә жеңешесі, «Күн ысып кетті, компот қайнатып, салқындатып қояйын. Сен бір шелек алша теріп келсең» деп жұмсаған еді. Бұл болса, алшаны алма деп естіп, бір шелек көк алма теріп келген-ді... Сол балақай бүгінде анау-мынау емес, «Бағлан-бағбан» атанды. Атасына қолқанат бола жүріп, ол бағбандықтың біраз қыр-сырына қанықты. Мәселен, күн ыстықта бақша суарсаң, оның пайдасынан зияны көп. Ыстықтан буланған су тамырын күйдіріп, өсімдікті мерзімінен бұрын қуратады. Сондай-ақ суды арыққа лақ еткізіп, бірден құя салғаннан гөрі тамшылата суарған ләзім. Мұндай тәсіл әрі суды үнемдейді, әрі бау-бақша «тұрғындары» суды баяу сіңіріп, шөлін баппен қандырады. Көктем мен күзде топырақты қопсытқан кезде ірілі-ұсақты кесектерді бірден тырмамен майдалап тастаған жөн. Әйтпесе, кесек кеуіп кетсе, оны ұсақтау, уату көп күшке түседі. Ал ұсатылмаған кесектердің арасындағы саңылаудан тамырына күн түскен дақыл өсіп жарытпайды. Бірі-бірімен көрші болғанды жаратпайтын өсімдіктер де баршылық. Мысалы, жалпы атауы, түп-тұқияны бір болғанымен, ащы бұрыш пен тәтті бұрыштың арасы біраз алшақ болғаны жөн. Әйтпесе, тәтті бұрышыңыз ащы бұрышқа айналады.
...Күн өткен сайын жаз таяп келеді. Бағлан ауылға баруға, атасына көмектесуге асығып жүр. Былтыр күзде жаз бойғы жәрдемі үшін атасы бағбан-балақайға ерте көктемде туған құлын атаған еді. Сол құлыншақ биыл тай емес пе?! Ал асау тайды салт мінуге үйрету де үлкен жұмыс...
Бауыржан Файзоллаұлы,
zhaikpress.kz