Бәйтерек ауданына қарасты Қасым Аманжолов атындағы орта мектебінің оқушылары ауданда қалған төрт соғыс ардагерінің бірі переметныйлық Макар Дорошенкомен кездесті.
Кездесу барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Лұқпанқызы бейбіт күн сыйлаған майдангерге алғысын жеткізсе, оқушылар арнау өлеңдерін оқып, гүл шоқтарын тарту етті.
Өскелең ұрпақтың құрметіне разы болған қария сұрапыл соғыс кезеңдегі жағдайларды еске алып, аға ұрпақтың басына түскен қиыншылықтар туралы әңгімелеп берді.
Одан соң аға тәлімгер және мектеп психологы да өз ізгі тілектерін білдіріп, елдегі бейбітшілік пен келісім, бірлік пен тыныштық жас өмірін майданда өткізген ардагерлердің арқасында келгенін атап өтті.
Кездесу соңында оқушылар ардагердің ауласына раушан гүлдерін отырғызып, үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты.
Темірлан Талантұлы,
Қасым Аманжолов атындағы орта мектебінің мұғалімі
Бәйтерек ауданы