Бүгін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірі Асхат Аймағамбетов республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы жеңімпаздарын құттықтады. Кездесу Нұр-Сұлтан қаласында басталып, өзге облыстар ZOOM платформасы арқылы қосылды.
Батыс Қазақстан облысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева құттықтап, марапаттады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңіне өңірімізден 74 оқушы қатысты. Нәтижесінде 29 оқушы жүлдегер атанып, оның ішінде 5 алтын, 8 күміс, 16 қола иеленді.
Олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік білім көрсетіп оқушылары жүлделі орындарға ие болған облысымыздың 6 мектебі (Дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Білім-Инновация" мектеп-лицей-интернаты, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-лицейі, Орал қаласы №35 мектеп-лицейі, Орал қаласы №28 мектеп-лицейі) республика бойынша «100 үздік мектеп» қатарына енді.
Жалпы қорытынды есеп бойынша Батыс Қазақстан облыс командалық есепте ІІІ орын иеленді.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі