24.05.2021, 11:49
Оқылды: 26

Ұстаз – ұлы есім

«Ұстаз» деген ұлы есімді арқалаған жанның еңбегі еш кетпейтіні белгілі «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз да мұғалім тұлғасына ерекше үміт артқан.

ұс

- Терең ой жетегінде өнегелі ұстаздарыма еліктеп, осы бір мамандыққа бет бұрғаныма да біраз жыл болды. Алғаш мектепке қадам басқан сәттен-ақ салиқалы Аққаным апайым, әдебиетке еліте білген білгір маман Ұштап апай, Жиеналиева Разия апайларым мен Оңғар Жұбатқанұлы сынды ағаларым, қала берді, білімді институт қабырғасында тереңдете меңгерткен М.Тілеужанов, О.Бүркітов, Ж.Шаекенов, Е.Қазиев, М.Жолдықайырова, А.Қыдыршаев, Ү.Б.Дәулетовалардың жол сілтеуі арқасында білім беру саласында 30 жыл еңбек ету бақытына ие болып келемін.

Мен, Кожағалиева Айымгүл Махсотқызы, 1972 жылдың мамыр айының 11 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, бұрынғы Жымпиты ауданы, Қызылту колхозының №2 бөлімшесінде көпбалалы отбасында дүниеге келдім. 1979 жылы 1 тамызда алғаш мектеп табалдырығын үшжылдық ауыл мектебінде тәмамдадым. Одан соң колхоз орталығы Алғабас ауылында интернатта жатып, 4-5 сыныпты оқып, кейін 1983 жылы Талдыбұлақ елді мекеніне қоныс аударуымызға байланысты 1989 жылы 10 жылдық мектепті аталмыш мектептен аяқтадым.

1989-1990 жылдары бөлімшелерде кадр тапшылығына орай сенім артып, алғаш ұстаз болып қалыптасуыма ерен үлес қосқан сол кездегі Жымпиты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қадыров Марат Сахипович пен «Алатау» 9 жылдық орталау мектебінің директоры Уразаев Бақытжан ағайларым мектепке бастауыш сынып мұғалімі етіп тағайындады.

1994 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Аралтөбе орта мектебіне жас маман болып орналастым. Кейін отбасылық жағдайлармен Талдыбұлақ, Тасқұдық орта мектептерінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім.

2001 жылы Бөрлі ауданына қоныс аударып, 2003-2004 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері болып қызмет атқардым. 2004 жылдың сәуірінде Қызылтал орта мектебіне ауыстым. Содан бері аталмыш мектеп қабырғасында қызмет етіп келемін. Осы жылдар аралығында әлі күнге дейін сынып жетекшілікті қоса атқарып, бірнеше түлек түлеп ұшты. Бірнеше жылдан бері жас мамандарға да қолұшын созып, тәлімгерлікпен де жұмыстанудамын, - дейді ұстаз.

Ұстаз болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десе де болады. «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың баласын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді» - деп Бауыржан Момышұлы  айтқандай, ұстаз болу да – бір бақыт, мен де бақыттымын!

 

Бөрлі ауданының білім беру бөлімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале