25.05.2021, 10:39
Оқылды: 51

Сырымдық оқырмандармен жүздесті

Сырым ауданында мерзімді баспасөз беттеріне жазылуға үгіт жұмыстары қарқынды жүруде. Өткен аптада «Жайық Пресс» ЖШС Сырым аудандық филиалы - «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы Шолақаңқаты, Алғабас ауылдық округтерінде болып жергілікті басшылармен, ұжымдармен кездескен еді.  Бұдан бөлек, «Жібек жолы», «Правда» шаруа қожалықтарының да жетекшілерімен жүздесті.

 IMG_8027

Кеше белгілі қаламгер, ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Ғайсағали Сейтақ оқырмандармен кездесу үшін Сырым ауданына келді. Бірінші орынбасар әуелі Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болып, кейін «Сырым елі» газетінің тұрақты авторларымен жолықты. Алаш саябағында болған кездесуде журналистер, штаттан тыс тілшілер, авторлар газетке жазылудан бөлек, газетке не жазу мәселесі жөнінде ой алмасты.

IMG_7966

Ғайсағали Сейтақ және аудандық газеттің редакторы түске дейін Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінде болды. Түстен кейін Бұлдырты мен Сарой ауылдық округтерінде оқырмандармен, соның ішінде қалың қатарды құрайтын педагогтармен кездесу, сұхбаттасу шаралары өтті.

IMG_7968

Алаш арысы Мағжанның «Алаш баласының басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» - деген сөзі бар. Мұғалімге төрде телефон шұқып емес, газет, кітап оқып отырған жарасады, әрине. Сырымдық ұстаздар басылым беттерін тұрақты алдыратынын, 2021 жылдың ІІ жартыжылдығында да облыстық газеттер мен ауданның төл басылымы «Сырым елін» қолдап, жазылатынын айтып қуантты. Кездесулердің оқу жылының аяқталуы қарсаңында өткені белгілі. Ақын Ғайсағали Сейтақтың ұстаздар жайлы өлеңі сол сырбаз сәттің сезімдерімен тамаша үйлесе кетті. Кездесулер ресми жиналысқа емес, рухани кештерге ұқсады.

IMG_8016

Оқырманмен кездесуде редактордың алдынан екі сауал шығады. Біріншісі – «Газеттер неге әкімдерді мақтай береді?» - деген сұрақ. Бұл сұрақты көбіне соңғы екі-үш жылда газет оқымаған адам қояды. Әйтпесе, қоғамды алаңдатқан проблемаларды, жергілікті маңызы бар мәселелерді, соның ішінде билікті жұмысына қатысты сындарды біздің басылым жазудай-ақ жазып жүр. Екіншісі – «Мақаламыз неге шықпайды?» деген сұрақ. Педагогтармен кездесуде осы сауал жиі қойылады. Мектептің шаралары әдетте жоспарға сай, бір тапсырманың аясында өтеді. Олардың арасында тек тың, ерекше, аудан үшін жаңалық болатындайын ғана газетке басуға болады. Онда да уақытында жолданса ғана. Себебі, 8 наурызға орай өткен шара туралы ақпаратты сәуір айында жолдайтындар болады. Ақпарат «суып қалмауы» үшін авторлардан жеделдік керек-ақ.

IMG_8024

Сондықтан, аудандық газеттің редакторы Бауыржан Ширмединұлы мектеп басшыларына осындай тілшілер қосынының жұмысын ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Жас тілшілер үйірмесі бірқатар мектепте бар екен. Бірақ, оларды машықтандыру, кәсіби журналистік дағдыны үйрету шаруасы атқарылмай тұр. Педагогтардың ұсынысымен «Сырым елі» газетінің редакциясы мектептердегі жас тілшілер мен әлеуметтік желіге жауапты мамандар үшін арнайы медиатренинг өткізетін болды.

Үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. «Сырым елі – әр жанұяға!» деген ұранды ауданның әр үйі қолдаса екен. Сіз, газетке жазылдыңыз ба?

IMG_8009

 

«Сырым елі»

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале