Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 2011 жылғы мектеп бітіруші түлектері игілікті іс тындырды. Нақтырақ айтсақ, осыдан тура 10 жыл бұрын мектеп бітірген қыз-жігіттер Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, түлектер бірігіп, ауылының өнерпаздарына арнап, «Көше сахнасын» орнатып берді.
Қуанышты жиынның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева келіп, ізгі лебізін білдірді.
- Мектеп бітіруші түлектер жыл сайын ауылға қомақты сый жасауды үрдіске айналдырып келеді. Өнегелі отбасынан, тәрбиелі мектептен білім алған сіздер, кейінгі ұрпаққа үлгілі болып, аман жүріңіздер. Елге жанашыр болып, әрдайым қолдау көрсетіп жүре беріңіздер, - деп алғысын білдіре отырып, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің алғыс хатын табыстады.
Ауданның құрметті азаматы, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжан Салауатов та туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеп, жомарттығын көрсеткен биылғы түлектерге жүрекжарды тілегін жолдап, ақ батасын берді.
Ауылдық округ әкімі Нұрбол Бектілеу ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен «Жомарт жүрек - 2021» аталымымен марапаттады.
Одан соң салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, түлектер ән-күйлерін тамылжыта орындады.
Түлектер білім нәрін сіңіргені үшін мектеп ұжымы мен мектеп директорының міндетін атқарушы А.Губашевқа және «Көше сахнасының» құрылысы мен ашылу салтанатына көмек көрсеткені үшін ауыл әкімі Нұрбол Серікұлына ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.
Концерттік шараның соңы жерлес ақын М.Балмолданың сөзіне жазылған «Көпжасарым» әнімен аяқталды.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress