Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов жұмыс сапарымен Подстепный, Шаған, Ақжайық ауылдық округтерінде болды. Сапар барысында аудан басшысы шаруа қожалық өкілдерімен кездесіп, «Жайық-Шалқар» каналының қалқымалы су сору станциясына барды.
Алдымен, Арман Кәрімұлы Подстепный ауылдық округіне қарасты «VITAMIN» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. 2015 жылы негізі қаланған қожалық 15,5 га жерге таңқурай, 3 га жерге бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Қожалықтың жоспарында 20 га жерге алма бағын өсіріп, оны дамыту бар. Тамшылатып суару технологиясын жетік меңгерген ұжымның жоспары айқын, қадамы нық. Тек жұмыс қолының тапшылығына қынжылады. Бүгінгі таңда тұрақты жұмыс беріп, жалақы ұсынғанымен жұмыс жасаймын деген адамдардың тіптен аз екендігін тілге тиек қылды қожалық жетекшісі Ильяс Төлепқалиев.
Одан кейін аудан әкімі Шаған ауылдық округіне ат басын бұрып, округте ауыл шаруашылық кооперативтеріне біріккен қожалық өкілдерімен кездесті. Нақтырақ, «Солодовников», «Миронов Н.Ф», «Дмитрий», «Кулько Г.С», «Ульяна» шаруа қожалықтары көкөніс өсіруді жолға қойған. Алайда алған өнімді өткізетін орын таба алмай дал. Аудан басшысы бір апта ішінде аталмыш мәселені шешіп беретінін жеткізіп, шаруаларға өнімді сақтайтын қойма салып, қожалықтарын кеңейтуге кеңес берді.
Дәл осы округке қарасты Нұрлан Нұрбаев жетекшілік ететін «Жайна» ЖШС өсімдік шаруашылығымен айналысады. 2016 жылы негізі қаланған серіктестік биыл 115 га жерге картоп, 500 га жерге арпа егуді жоспарлап отыр. Серіктестік иелігінде Т-4А дөңгелекті тракторы, МТЗ-80, екі дана «Джондир» тракторы, бір дана «Джондир» комбайны және американдық гидроприводты жаңбырлатып суаратын «Т-L» маркалы фрегат қондырғысы бар. Аудан әкімі серіктестік аумағын аралап, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан басшысының жұмыс сапары Ақжайық ауылында жалғасын тапты. Ол жерде аудан әкімі «Жайық-Шалқар» каналының қалқымалы су сору станциясының жұмысын бағамдап, күні кеше кеуіп тұрған, ал бүгінде су келіп, жан біткен канал бойын жүріп өтті. Расымен, соңғы жылдары судың аз келуі салдарынан Жайық өзенінің ахуалы, одан қоректенетін тоғандардың тартылуы, жағалаудағы жасыл желектің сирей бастағаны айтылып келеді. Сол бағытта бірнеше ай бойы жасалған жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Естеріңізде болса, ауыл шаруашылығы саласында шабындық, жайылымдар мен суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін қыркүйек айында 30 жыл көлемінде сусыз тұрып қалған, ұзындығы 57 км-ді құрайтын «Жайық-Шалқар» каналы іске қосылған болатын. Каналдың бойында 5 ауылдық округтегі 12 елді мекен орналасқан. 8574 тұрғынның 11 мыңнан астам ірі қарасы, бес мыңға тарта жылқысы мен 22 мың уақ жандығы канал бойында жайылады.
Аудан әкімі Арман Өтеғұлов аталмыш бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz