1.06.2021, 15:51
Оқылды: 36

Шыңғырлауда «Шипагер» медициналық сыныбы жұмыс жасайды

Мектеп қабырғасын аттағаннан бастап «Кім боласың?» деген сұрақ барлығымызға қойылғаны белгілі. Сан түрлі мамандықтың барлығына қызығып, өзімізді бірде ұшқыш, бірде мұғалім, бірде заңгер санап, сол мамандықтың иесі ретінде сезініп қиялдайтынбыз.

WhatsApp Image 2021-05-24 at 13.26.29

Мектебімізде осы бала арманның орындалуына бір қадам басып, болашақта дәрігер атанамын деп мақсат қойған оқушыларға арналған «Шипагер» медициналық сыныбы бар.

Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі екендігі Конституцияда жазылған. Халық денсаулығын сақтау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде білікті де білімді дәрігерлерді дайындау және маман тапшылығын болдырмау еліміз бойынша әсіресе, ауылдық жерлерде маңызды мәселе екені белгілі.

«Шипагер» медициналық сыныбы эксперименттік алаңы 2019 жылдың 22 қыркүйегінде Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімі мен Шыңғырлау аудандық ауруханасы арасындағы меморандум арқылы құрылды. Эксперименттік алаңның ашылуы үшін 8-сыныптар арасында болашақ мамандықтары туралы сауалнама жүргізіліп, сауалнама нәтижесінде медицина сыныбы ашылды. Оқушылар медициналық сыныпта оқи отырып, ерте ғасырдағы медицина тарихы, Қазақстандағы медицина саласының дамуы, медицина қызметкерлерінің киімі, құрал-жабдықтары, алғашқы көмек көрсету ережелері туралы білім алып келеді. Алған білімдерін «Үздік медицина білгірі» атты сыныптан тыс шарасында, «Вакцина салуды қолдаймыз» тақырыбында өткізілген дебатта шыңдап, облыстық эксперименттік алаңдар арасында өткен «Болашақты бірге таңдаймыз!» онлайн эстафетасынан жүлделі ІІ орынды да иеленді.

Оқушылар «Армандау – жеткіліксіз, әрекет ету керек» деген ұранмен қазірден бастап өздеріне жүктелген жүктің салмағын біліп, жақсы оқуға, адамдарға көмектесуге талаптанып жүр. Штаттық режимде оқыған уақыттарында басқа сынып оқушыларына гигиенаны, арақашықтықты сақтау, масканы дұрыс кию, қолды дұрыс жуу туралы нұсқаулар беріп, мектеп әкімшілігіне көмек көрсетіп жүр. Сонымен қатар аудандық ауруханамыздың дәрігерлеріне қолдау көрсету мақсатында аудан тұрғындарына денсаулықты, жеке бас гигиенасын сақтау, сондай-ақ COVID-19 коронавирустық инфекцияcsның алдын алу жолдары мен оған қарсы жүргізілетін вакцинация туралы жаднамалар таратты.

«Дәрігер мамандығын таңдағандықтан медициналық сынып ашылатындығын естігенде қатты қуандым. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Медициналық сыныпта оқи жүріп, теориялық біліммен қоса практикалық тұрғыда жұмыстанып, дағдыландық. Медицина ғылымына, дәрігерлік мамандыққа деген қызығушылығым, сүйіспеншілігім арта түсті. Қазіргі уақытта дәрігер болуға моральдық тұрғыдан да дайындық жүргізіп, төзімділік, сабырлық, шапшаңдық, жауапкершілік қасиеттерімді шыңдауға жұмыстанудамын», - дейді медициналық сынып оқушысы Аружан Абдрахманова.

Арманды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам – мақсат қою. Ақ желеңді абзал жан болуды армандағандардың мақсаттары айқын.

 

                                                          Мөлдір Баймұқан,

Л.Қылышев атындағы  жалпы орта мектебі директорының

ақпараттық ісі жөніндегі орынбасары

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале