1.06.2021, 18:17
Оқылды: 210

Көпжасарда түлектер балалар ойын алаңын салып берді

2018 жылдан бері Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылынан түлеп ұшқан әр жылғы мектеп бітіруші түлектер ауылға, білім ордасына қомақты сый жасап, туған жерлерін түлетуге атсалысып келеді.

 3

Аталмыш округте Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі аясында демеушілер есебінен бірнеше нысан бой көтеріп, пайдалануға берілген болатын.

Жаз мезгілінің алғашқы мерекесі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде ауылдағы ақкөңілді ағайын 20 жылдық түлектердің игі ісіне куә болды. Нақтырақ айтсақ, 1984 жылы туған азаматтар мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауыл саябағының ішіне заманауи үлгіде балалар ойын алаңын салып, дүйім елдің алғысына бөленді.

2

Игілікті істің ашылу салтанатына Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, облыстық мәслихат депутаты, аудандық "Жаңарған өңір" газетінің редакторы Алтынбек Ермекқалиев, Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу және ауыл тұрғындары, түлектер қатысты.

«Қуанышты бөліссе, көбейеді» демекші, Көпжасар ауылына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы келіп, жүрекжарды тілегін білдірді.

-  «Бала – адамның бауыр еті» демекші, балаларымыздың мейрамы құтты болсын! Осынау мерекеде 20 жылдық түлектер туған жерлеріне үлкен сый жасап, ауылдың балаларына арнап, ойын алаңын салып беріп жатқаны көпке үлгі боларлық іс. Қазіргі таңда аудан бойынша Көпжасар ауылы көп ауылдан көш бастап тұр. Алақандай ауылда бірнеше жарқын жобалардың жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Құрметті, 20 жылдық түлектер, Сіздер туып-өскен ауылдарыңыздың дамуына сүбелі үлес қосып, ерекше қолтаңба қалдырып жатырсыздар. Бәріңізге де Алланың нұры жаусын! Отбасыларыңа амандық, дендеріңе саулық, қызметтеріңе табыс тілеймін. Осындай өнегелі істер жалғасын таба берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деп тілегін жеткізіп, 20 жылдық түлектерге аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің атынан алғыс хат табыс етті.

4

Одан соң ауданның құрметті азаматы, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Салауатов мерекемен бүлдіршіндерді құттықтап, түлектерге ақ тілегін жолдады. Ал ауылдық округ әкімі Нұрбол Серікұлы ауыл тұрғындары атынан 20 жылдық түлектерге ризашылығын білдіріп, алғыс хат ұсынып, «Жомарт жүрек - 2021» аталымымен марапаттады. Сондай-ақ ойын алаңының құрылыс жұмыстарында белсенділік танытқан түлектер Шынболат Қожантайұлына, Арман Қанатқалиұлына, Гайдар Маратұлына, Сембек Аманғалиұлына арнайы алғыс хат табыстады.

Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептен 2001 жылы түлеп ұшқан түлектердің атынан Шынболат Қожантайұлы туған елге, жерлестеріне арнап ізгі лебізін жеткізді.

Шарада ауыл өнерпазы Нұртас Ғарифоллаұлы «Қазағым» әнін тамылжыта орындаса, ауыл әншісі Медет Қанатұлы Е.Хасанғалиевтің сөзіне жазылған «Атамекен» әнін әуелете шырқады.

5

Алаңға жиналған барлық бүлдіршіндерге 20 жылдық түлектер атынан мерекелік тәттілер үйлестірілді. «Берсең, балаға бер» демекші, еліміздің болашағы саналатын балақайлардың дидарындағы қуаныш, жүздеріндегі шаттықтың лебі көпшіліктің жанын жадыратып, көңіл қылын тербеді. Қысқасы, бұл күні Көпжасар ауылында балғын балалар да, ата-аналар да мәз-майрам, арқа-жарқа болып, бір жасап қалды.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале