1.06.2021, 23:13
Оқылды: 37

Жаңа кодекстің талаптары түсіндірілді

 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым азаматтар арасындағы қарым-қатынасты реттеп, мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыратын жаңа «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» қолданысқа енбекші. Жаңа кодекстің қатаң талаптарын түсіндіру мақсатында аудандық сот төрағасы мен аудан прокуроры бірлесіп, семинар ұйымдастырды. Семинарға тиісті органдар, мекемелер мен округ әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

6955931C-3667-49C7-AEDB-474C1FF9F70E

Сот төрағасы Гүлжихан Сағитова жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын, оның мақсаттары мен қағидаларын түсіндіріп, әкімшілік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ әкімшілік органға жүгінетін өтініш берушілердің құқықтары мен міндеттері, өтініштерді қарау тәртібі туралы жіктеп айтып берді.

Ұққанымыз – мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар арасындағы қарым-қатынас енді осы кодекспен реттелетін болады. Кодекс талабы сақталмаған жағдайда тараптар сотқа жүгініп, дәлел дәйекті болған жағдайда тиісті тарап сот шешімімен қомақты мөлшерде айыппұл да төлеуі әбден мүмкін.

Аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов кодекстің ерекшеліктеріне тоқталып, жаңа кодекстің қарапайым азаматтардың мүддесін көздейтінін атап өтті.

     Аудан әкімі аппаратының басшысы Бисенбек Насимоллин әкім аппаратының 58 маманы мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырумен өткізілген оқыту шараларына қатысқанын айтып, жаңа кодекстің енгізілу қарсаңында түсінік беріп, семинар өткізген аудан судьясына ризашылығын білдірді. Әріптестерін кодекс талабын сақтамай, айыппұл арқалағанша шілдеге дейін кодекс бойынша сауаттылықтарын шыңдауға шақырды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале