Жаңақала ауданындағы Рухани орталықта аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева ауданның 14 мектебінен келген дарынды оқушыларды қабылдады. Карантиндік талаптарды сақтай отырып өткен еркін форматтағы кездесуге аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар қатысты.
- Дарынды оқушы дегеніміз – өз қатарларынан әлдеқайда дамыған, ерекше зейіні бар, белгілі бір іс-әрекет бойынша асқан қабілеттілік танытып, жоғары жетістіктерімен дараланатын бала. Әрине, ауданымызда талантты жастар бар. Бірақ қазіргі карантиндік жағдайларға байланысты көптеген жастарымыз қатыса алмай отыр. Алайда қазір олардың бір бөлігі пікір алмасуға келіп отыр. Жалпы орта білім беретін мектептерде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ауданымыздың 14 мектебінде сайлау жүргізіліп, Балалар өкілдігі сайланды. Қазіргі таңда барлық мектепте Балалар өкілдігі жұмыс жасап жатыр, - деп аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жадыра Төлеуғалиева аудандық балалар өкілдігінің президенті, Жаңақала мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Гүлмаржан Ғиниетоллаға сөз кезегін берді. Ол биыл Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы аясында оқушылар арасында өзін-өзі басқару органдары мен дебат қозғалысын жандандыру мақсатында Мектеп парламенті құрылып, ол 8 фракция арқылы жұмыс жасайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар жиынға қатысып отырған дарынды оқушыларды таныстырып өтті.
- Баршаңыз бір-бір мектептің жарық жұлдыздарысыздар. Сіздерді мектептің көшбасшысы деп те айта аламыз. Әрдайым әр ортадан топ жарып, мектептеріңіздің қай саласы болсын атағын шығарып, артыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға үлгі болатындай із көрсетіп келесіздер. Қазір білім алуға толық мүмкіндік бар деп айта аламыз. Сондықтан еш уайым-қайғысыз, білімдеріңізді шыңдай берулеріңіз керек. Ауданның атағын шығарып, осы елге қызмет етіп, өз үлестеріңізді қосатын жасөспірімсіздер. Жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын, - деп аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы оқушыларға ақжарма тілегін жолдады. Республикалық байқаулардың жеңімпазы, Айдархан орта мектебінің 11-сынып оқушысы Дильназ Дидарқызы ізгі лебізін білдіріп, ұстаздарға арналған өлеңін оқыды. Одан әрі оқушылар ұсыныс-тілектері мен сұрақтарын ортаға салып, толыққанды жауаптарын алды. Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Қарлыға Кенжешова ақын Абай Құнанбаевтың тәрбие, өнеге тұнған қара сөзін оқып, еркін форматтағы кездесуді қорытындылады.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz