4.06.2021, 11:50
Оқылды: 183

Шыңғырлаулық түлектер тарту жасады

Мектеп бітіру – әр адамның есінде сақталатын ерекше сәттердің бірі. Мектеп бітіріп, сыныптастармен, ұстаздармен қоштасу – өте қиын, жүректе қимастық болады. Дегенмен сыныптастармен 10 жылдықта, 20 жылдықта, 30 жылдықта жиналып, мәре-сәре болып шер тарқатқанға не жетсін?!

мектеп түлектері (2)

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақсуат мектебінің 10 жылдық, 20 жылдық түлектері мен 30 жылдық түлектері Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ауылға арнайы естелік сыйлықтарын орнатып, табыстады.

Ауылдың 10 жылдық мектеп түлектерінің демеушілігімен ауылға «I love AQSUAT» көлемді әріпті тақтайша ілінді.

«Біз 2011 жылғы түлектерміз. Биыл мектеп бітіргенімізге 10 жыл болып қалыпты. Мектептегі шағымызды қайтару мүмкін емес қой, бірақ мектепке қайта келіп, партаға отырған кезде бір сәт оқушы кезімізге оралғандай болдық. Балалық шағымыз өткен жерге бір пайдамыз тисін деген мақсатпен осындай тақтайша ілдік. Әрбіріміз әр жерде, әр салада болсақ та жиналып, бір-бірімізді, мектебімізді көріп, көңіліміз бір көтеріліп қалды», - дейді Нұрқанат Кабибуллиев.

мектеп түлектері (3)

Игі істерден 20 жылдық түлектер де шет қалмады. 20 жылдық түлектердің демеушілігімен мектепке таза су құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. «Су – өмір өзегі» демейді ме? Балалардың таза су ішуіне сеп болған түлектерге ауыл тұрғындарының ризашылығы мол.

Қазіргі таңда өзі де ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген 20 жылдық түлек Қадиша Сейілханқызы мектепке кірген сәттен-ақ балалық шаққа саяхаттағандай күй кешкенін жеткізді.

«Түлектер жиналып, мектепке маңызды зат сыйлауды ұйғардық. Осылайша су құбырын өткізуді жөн көрдік. Суды қаздырып, шығаратын арнайы көлік те жалдап, барынша сапалы қылып өткізіп беруге тырыстық. Балалардың жақсы жерде оқып, жақсы білім алуына аз да болса үлесімізді қостық деп ойлаймыз», - дейді Қадиша Сейілханқызы.

Ауылға деген Ақсуат түлектерінің бұл соңғы сыйы емес. 30 жылдық түлектер де мектеп игілігі үшін сый тартуды жөн көріпті. 30 жылдық түлектер оқушыларға ұлттық музыкалық аспаптар, гитара сыйға тартты.

«Түлектердің жасап жатқан сыйына ауыл тұрғындары атынан, мектеп ұжымы атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Осындай игі істер болашақта жалғасын табады деп сенеміз», - деп Қарағаш ауылдық округінің әкімі Е.Бекжанов өз пікірін білдірді.

 

А.Лепес,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале