4.06.2021, 17:09
Оқылды: 68

Теректілік өрендер сыйлық алды

Теректі ауданының «Алтын шуақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ерекше балалар арасында «Жаңа көзқарас» атты онлайн байқау жариялаған болатын. Байқауға қатысқан бүлдіршіндерді құнды жүлделермен қуантуды «UNISERV» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Нұрғазы Сәтбаев өз мойынына алды.

 фото 3

Байқауға ауылдық округтерден 11 бала сурет және қолөнер бұйымдарын жолдаған екен. Арнайы білім беру педагогтары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілі, «Алтын шуақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ашықбаев енгізілген әділ қазылар алқасы құрамында «Парасат-2018» жеке қайырымдылық қорының президенті, Н.Сәтбаевтың көмекшісі Әлия Масалимова болды.

фото 1 (2)

Шығармашылық мүмкіндігі мол, ерекше балалардың туындыларын сараптаған қазылар алқасы өз шешімін шығарды.

Қолөнер байқауына бұйымын жолдаған Подстепное ауылдық округінің кішкентай тұрғыны Жұлдыз Хабділхалық І орынға лайық деп танылды. Оған диплом табыс етіліп, Нұрғазы Сәтбайұлының атынан сыйлыққа ұялы телефон тартылды. Осы бөлімде ІІ орын алған Федоров ауылдық округінің бүлдіршіні Даниял Ахметов дипломмен марапатталып, сыйға үстел футболы ойынын алды.

Сурет салудан қос жүлде Федоров ауылдық округі балаларына бұйырды. І орын жүлдесі – диплом мен ұялы телефонды Дастан Болатов, ІІ орын  дипломы мен үстел футболы ойынын Кирилл Степаненко иеленді.

Байқауға қатысып, шығармашылық қабілетімен жүлдеге ілінген балақайлар сыйлықтарға дән риза. Ал ата-аналары болса, депутат Н.Сәтбаевқа алғыстарын айтып жатыр.

Осы жерде Нұрғазы Сәтбайұлы депутаттыққа өткен шақырылымда да, осы шақырылымда да Теректі ауданынан түскенін еске саламыз.

Нұрғазы Сәтбаев – теректіліктерге жомарттығымен танылған жан.

Осыдан бір-екі жыл бұрын ол Подстепное ауылында тұратын, төрт балалы, мүмкіндігі шектеулі жандар отбасына жайлы баспана сыйлаған болатын. Ал осыдан бір ай бұрын қабылдауында болған "Алтын шуақ" қоғамдық ұйымы төрағасы С.Ашықбаевқа қолдау көрсететінін айтқан еді.

Ендеше, қоғам қашан да мүмкіндігі шектеулі жандарға жол беріп, мүмкіндігінше демеу болу керектігін айтып жүрген Нұрғазы Сәтбайұлының бұл теректіліктерге көрсеткен қолдауының соңы емес екендігі сөзсіз.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале