7.06.2021, 9:58
Оқылды: 53

Ер елеусіз, ерлік ескерусіз қалмайды

Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық мәдениет үйінде 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әсери бөлімде келісімшартпен қызмет атқарған жерлесіміз, кіші сержант Берікжан Қалиевті еске алу шарасы өтті. Оған арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевті аталған ауылдық округтің әкімі Алмат Қаратаев ауыл маңындағы қорым басынан қарсы алды. Осында ағайын-туыстарының қатысуымен Берікжан Ерланұлының ерлігіне тәу етіліп, Құран бағышталды.

31AE7B4F-CFE1-478B-8EA8-A629428E32DE

Кейін ол мәдениет үйінің фойесінде еске алу шарасына ұласты. Лаңкестік оқиғаның орын алғанына да бес жыл өте шыққан екен. Бұл күн Берікжанның анасы мен бауырлары үшін ұмытылмастай қасірет болса, екі ұлы мен қос қызының әкесі мәңгіге алыстаған сайын, жанын жегідей жеген мұң мен сарытап сағыныш: «Өтіп жатыр өзіңсіз, өмірдің жаз-көктемі, біздер үшін күнімізсің көктегі», - дегізіп зайыбы Нұрсұлудың қолына еріксіз қалам алғызыпты. Асылдың сынығындай болған азамат айналасын орны толмас қайғысымен ойсыратып кетсе де, оның ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі болары әмбеге аян. Осыған орай «Батырдың өшпес ерлігі» атты фотокөрме жасақталыпты. Ол туралы «Өшпес ерлік» атты слайд қатысушылар назарына ұсынылып, өмірбаяны таныстырылды.

1E75492F-640D-423D-A13D-F6218D152BEB

Берікжан Қалиев 1978 жылы ауданымыздың Қайрат ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан жанұядағы бес перзенттің ортаншысы. Ол кішкентай кезінен өте жинақы, тәртіпті, ұқыпты, спортқа  жаны құмар болған. Жақсыбай ауылындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін екі жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеген. Әкесі Ерлан өмірден ерте өткенімен, анасы Гүлжиян бәріне қамқор болып өсіріп-жеткізді. Берікжанның өзі де жан-жары Нұрсұлумен бірге ұл-қыздарын қатарынан кем қылмай тәрбиелеп жатқан-ды. Бір кезде, бәрі де бір мезетте...

Әскери бөлімге шабуыл жасаған қарулы топтың мақсаты қару-жарақ қоймасына ену болатын. Бөлім сарбаздары қарулы қаскөйлерге тойтарыс беріп, олардың көздеген ойларының жүзеге асуына кедергі болды. Үш жауынгер сол жерде ерлікпен қаза тапты. Соның бірі – атқыштар батальонында әскери қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиев еді. Иә, ол сын сағаты соққан сәтте қайсарлық танытып, халықтың тыныштығын қорғау жолында жанын қиды. Б.Ерланұлы қызмет атқарған 6655 әскери бөлім де қаза болған ерлерін ескерусіз қалдырған емес. Сол күнгі шараның ортасында болуға тиіс анасы Гүлжиян әскери бөлімнің шақыруымен Ақтөбе қаласына жол тартыпты.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, мұнда да Берікжанның рухына Құран оқылды.

-Бүгін біз әскери борышын атқару кезінде лаңкестердің қолынан қаза тапқан Берікжан Қалиевті еске алып отырмыз. Ол Ұлы Отан соғысында өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабалары сияқты, бейбіт өмірде де ерлікке орын бар екенін өз ісімен дәлелдеді. Оның ерлігі ешқашан өшпейді. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді. Ертең аудан әкімі Азамат Сафималиұлы облыс әкімінің орынбасарымен бірге осы ерліктің бес жылдығына орай Берікжанның отбасымен кездесіп, тарту-таралғысын ұсынатын болады. Бүгінгі еске алу шарасы аясында ауылдардан келген командалармен шағын футболдан жарыс ұйымдастырылғалы отыр, - деді аудан әкімінің орынбасары Асхат Хамитұлы.

04407B22-A184-44F4-B168-86D1248B8965

Ауыл өнерпазы Есім Тұяқбаев халық әні «Самалтауды» қалықтатты.

Б.Қалиевтің ерлігі Отан тарапынан ескерусіз қалмай, ол екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Отбасына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, Орал қаласынан үш бөлмелі пәтер берілсе, Ақтөбе қаласындағы өзі қызмет атқарған 6655 әскери бөлімінде және Жақсыбай ауылында ескерткіш тақталар орнатылып, аудан орталығында спорттық жарыстар өткізіліп тұрады.

Келесі кезекте Берікжанның сынып жетекшісі, зейнеткер-ұстаз Бақытжан Елеусінқызы сөз алды.

-Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалған қайғылы оқиғаға бес жыл толып отыр екен. Б.Қалиев біздің мектептің түлегі, менің оқушым болатын. Ол қаруланған қылмыскерлердің қару-жарақ қоймасын басып алмақ болған әрекетіне тойтарыс беріп, ерлікпен қорғап қалды. «Елдің атын ер шығарады» деген, оның батыл әрекеті Елбасы мен Үкімет тарапынан лайықты бағаланды. Бүгін оның ерлігі ұмытылмай, жерлестері тарапынан еске алынуда. Артында қалған ұрпақтарына амандық тілеймін, - деді ол.

Одан кейін Берікжанның бірге оқыған құрбы-достары атынан Венера Бадақова, әжесі Нұрзия, ағасы Бауыржан батырдың жақсы қасиеттерін сөздеріне сүйеніш етіп, елдің тыныштығын тіледі, шараны ұйымдастарушыларға алғыстарын айтты.

Еске алу шарасы түс қайта ауыл орталығындағы жазғы спорт алаңында шағын футболдан аудандық ашық турнирмен жалғасын тапты. Ауылдың жасы мен жасамысы, балаларына дейін осы жерден табылды. Сол күні ауа райының жауын-шашынды болғанына, жолдың қиындығына қарамастан, Жәнібек, Ақоба, Қамысты және Борсы ауылдарынан командалар ат терлетіп келіпті. Осы ауылда орналасқан комиссар Хаби Халиуллин атындағы шекара заставасының сарбаздары мемлекеттік туды кіргізіп, мемлекеттік әнұран орындалды. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі. Жергілікті «Еркеназ» би тобы мың бұрала би биледі.

Барлығы алты команда қатысқан жарыс өте тартысты өтті. Жасыл алаң балшықтан қара тақырға айналды. Футболшылар тайып-жығылып жүрсе де, намысты қолдан бермеуге тырысты. Жақсыбайлық жанкүйерлер өз жерлестерін мықтап қолдап-қолпаштап отырды. Шекарашылар мен ақобалықтардың арасындағы үшінші орын үшін болған ойын көрігі қыза келе тең есеппен аяқталып, соңы пенальтиге ұласты. Мұнда шекарашы сарбаздардың мерейі үстем болды. Ал финалдық ойында жәнібектіктер мен жақсыбайлықтар кездесіп, алғашқысы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сонымен, турнир қорытындысында бірінші орынды «Жәнібек», екінші орынды «Жақсыбай» және үшінші орынды «Шекара» командасы өзара бөлісті.

Жақсыбайлық Асылбек Есқалиев «Үздік қақпашы», жәнібектік Асылжан Тұяқов «Үздік шабуылшы», ақобалық Нұрәділ Зұлқарнаев «Үздік ойыншы» аталымдарымен марапатталды. Ал жүлдегер командаларға алған орындарына қарай дәрежелі дипломдар мен медальдар және 50, 30, 20 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ «үздік ұйымдастырушылар» деп танылған Ақоба ауылдық округінің әкімі Мақсат Жаналиевке, жақсыбайлық Ернар Бауыржанұлы мен Х.Халиуллин атындағы шекара заставасының бастығы, майор Руслан Тоймахамбетке турнирді ұйымдастырушылардың атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

 Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале