Республикалық «Қазақстан мектебі» журналының 1970 жылғы №6 санындағы Ж.Жангереевтің «Қаракөл мектебінің өткен жолы» атты мақаласында: «Революциядан бұрын республикамыздың уезд, болыс орталықтарынан орыс-қазақ мектептерін ашу ісі қолға алынды. Әйгілі ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин бұл салада көп еңбек сіңірді. Халық ағарту ісінің қайраткерлері Ильминский, Григорьев және басқалары Ы.Алтынсаринге үлкен көмек көрсетті. Сол кездегі мектеп инспекторы Ы.Алтынсариннің және жұртшылықтың тілегі бойынша Орынбор генерал-губернаторына қарасты жерлерден мектептер ашуға рұқсат етілді» деп басталады мақаланың алғашқы жолдары. Бірден айта кету керек, құнды дерекке толы журналды осы кезге дейін сақтап, бізге аманаттаған қаратөбелік Рафик Сенғалиев болатын.
Алғаш ашылған мектептердің бірі бұрынғы Гурьев облысы Қызылқоға ауданындағы Қаракөл мектебі болды. Бұл мектептің үйін салу ісі 1891 жылдан бастап қолға алынғанымен 1897 жылы ғана бір кластық орыс-қазақ мектебін ашуға мүмкіндік туды. Алайда мұғалімдер жетіспеуі салдарынан мектептегі оқу 1899 жылы қыркүйекте ғана басталды. Мектептің алғашқы директоры Мейірман Бейсенов, мұғалімдері Ахмет Қошқарбаев, Салық Тұрымтаев, Хайдар Даушев, Ыбыраш Шынаров, Степан Булычев, Қожақ Досов және басқалар болды.
Мектептің оқу бағдарламасына орыс тілі, арифметика, жаратылыстану, география, шариғат енгізілді. Ильминскийдің, Ы.Алтынсариннің және басқалардың кітаптарынан басқа оқулықтар болмады. Шәкірттер көбінесе өздері жазып алған конспектілері бойынша оқыды, ал оқу-көрнекі құралдары мүлдем болмады. Балалар аптасына бес күн оқып, бейсенбі, жұма күндері демалды.
Төрт жыл оқытатын Қаракөл бір кластық мектебі 1904 жылы екі кластық орыс-қазақ мектебіне айналдырылды. Жергілікті қазақ балаларына білім беруде бұл мектептің ерекше маңызы болды. Мектептен тәрбиеленіп шыққан Әбіл Ұйықов, Жолдығали Ербатыров және басқалар мұғалімдер курстарын бітіргеннен кейін болыстан да мектер ашып, ұстаздық етті.
Соғыстың салдарынан мектеп 1917 жылдың күзінен бастап жабылып қалды да 1921 жылдан қайта жұмыс істей бастады. Мектеп соғыстан бұрынғы мерзімде өз қабырғасынан бес рет түлектерін ұшырды.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мектепте оқыту аса қиынға соқты. Бағдарламалар да, оқулықтар да, жазу жабдықтары да болмады. Бұл жағдайды Калмыков уездік халық ағарту бөлімінің инспекторы П.Чалуевтің Бүйрек мектебінің меңгерушісі Ж.Ербатыровқа жазған хатынан айқын білуге болады. Онда қызметкерлер көп қысқартылғаны, жалақының ұзақ уақыт төленбегендігі, азық-түліктің тым тапшы болғандығы, мектеп жұмысының мүшкіл халде екендігі айтылған.
Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығында: «Ең алғаш Қаратөбе ауылында 1911 жылы бір кластық орыс-қырғыз училищесі жұмыс жасады деген дерек бар. 1917-21 жылдары Қаратөбеде бір кластық бастауыш мектеп болған. Мұғалімі Мұхамбетияр Құлғазиев, Хайдар Даушев болған. 1922 жылы «Коммуна» бастауыш мектебінен бастау алған оқу орыны 1928/29 оқу жылында жеті жылдық, 1936 жылы орта мектепке айналған» деп жазылған.
Ал Қаратөбе аудандық мұрағатында сақталған Жолдығали Ербатыровтың «Өз өмірімнен қысқаша мәлімет» атты дерегі арқылы біраз жайттарға қанық болуға болады.
Еш өзгертусіз қысқаша мәлімет келтіре кетсек. «Мен, Жолдығали Ербатыров 1892 жылы Қызылқоға ауданы Жамбыл ауыл советіне қарасты Райгородок деген жерде туғанмын, қазіргі Абай совхозының орталығы. Әкем кедей шаруа болған адам.
Қызылқоға ауданындағы бұрынғы кездегі алты кластық Қаракөл орта қазақ мектебін 1914 жылы бітіріп шығып, Урал губерниясы Илек қаласындағы екі жылдық мұғалімдік педагогикалық курсқа сол 1914 жылы оқуға кірістім. Оны 1916 жылы бітіріп шықтым. Бірақ сол 1916 жылғы 25 июньдегі Николай патшаның бұйрығы бойынша қазақ елінен 19-31 жас арасындағы қара жұмысқа алынатын болдым. Қаракөлде 19-31 жас арасындағы жігіттер қара жұмысқа барудан бас тартып, 1000 қаралы адам көтеріліс жасады. Патша үкіметі оларға қарсы қаруланған 60 солдат шығарып ұрысты. Адам өлімі болып, қарулы солдаттарға қарсы тұра алмай шегіндік. Бұдан кейін 19-31 жас арасын есепке алып, алатын болды. Сонда мен қара жұмысқа алынып кеттім. Алынған жігіттер Перьм губерниясында ағаш кесу жұмыстарында болды және фабрика жұмыстарында болды. Мен 1917 жылы февраль айы ішінде мыңдаған жігіттердің ішінен 21 науқасты елге алып қайттым. Жолда келе жатып станция Кинельде бір науқас қайтыс болды. Тап сол ескімен Николай патшаның құлаған күні екен. Науқас жігіттерді елге алып келіп таратып бердім. Содан кейін Урал губерниясындағы облыстық оқу бөліміне барып, мұғалімдікке орын алдым. Уральскіден елге қайтып келе жатып 1917 жылы осы Қаратөбе қаласының үстімен жүрдім. Сол кезде Қаратөбе кішкентай поселка екен, мұнда мал базары және астық саудасы болатын қала екен. Қаратөбеде 7-8 ноғайлар бірігіп ашқан дүкендерді қазақтар «7 машина» деп атайды екен.
Сол кезде Қаратөбе қаласында 1 бастауыш, 1 мешіт болған екен. Бірақ мектепте кімнің мұғалім болғанын білмеймін. Бұл Қаратөбе қаласынан күн шығыс бетінде 20 шақырымдай жерде күйдірген қызыл тастан салынған Қалдығайты 6 кластық орыс-қазақ мектебі болған. 1890 жылы салынған. 1918-19 жылдары ақ гвардияшылар Илецки корпус болшевиктерден қашқанда бұл мектепті бұздырып кеткен. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін оның қызыл тастарын алып, Қаратөбе больницасын үлкейтіп, қайтадан салған.
Ал 1917-20 жылдары Қаратөбеде 1 бастауыш мектеп болған. Ол кезде бар учитель бір тұрған. М.Құлғазиев деген мұғалім болған. 1921-22 жылдары Қаратөбе мектебінде 40-50 интернат ашылып, онда заведующий Хайдар Даушев, Мұхамбетияр Құлғазиев, оның қасында Әбіл Ұйықов деген оқытушы болған» делінген.
Осы бір Жолдығали Ербатыровтың «Өз өмірімнен қысқаша мәлімет» атты дерегі мен қаратөбелік еңбек ардагері Абылай Боранов ұсынған құжаттарға сүйене отырып, қаратөбелік алғашқы мұғалім деп Мұхамбетияр Құлғазиевті тануға болады.
Қаратөбелік алғашқы мұғалім Мұхамбетияр Құлғазиев туралы бір мақалаға жүк болар дүние баршылық.
Қаратөбе өңірінен шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі Бейбітов Баймұқан Торғайұлы турасында немересі Бақтыгүл біраз еңбектеніп жүр.
- Атам 1885-ші жылы Орал губерниясы Калмыков княздігі Лбішін уезінің 3-ші ауылында дүниеге келген. 1900-1904 жылдары Тайпақ өңірінде Қызылжар орыс-қазақ училищесінде оқып, 1904-1907 жылдары Електегі екі жылдық училищеге оқуға түседі. Әкесі қаза болып, шешесі төрт баламен қалады. Оқуын жалғастыру қиынға соғып, бір жылдай училищеде жұмысшы қызметін атқарады. 1908-1910 жылдары Електің екі кластық мұғалімдер даярлайтын училищесін бітіреді. 1910-1920 жылдары Торғай өңірі Ырғыз уезінің Аманқұл ауылында, Ақтөбе өңірі Чингель ауылы,Орал өңірі Лбішін уезі Қызылжар мектебі, Лбішін уезі, Индер бастауыш мектебінде мұғалім болады. Кеңес үкіметін орнату жылдары 1920-21 жылдары Өзек-Жақсыбай болыстық комитетінде хатшы, 1921-22 жылдары төраға қызметін атқарады. 1922-24 жылдары хатшы, 1924-1928 жылдары Жақсыбай болыстық комитетінде төраға болып қызмет атқарады. 1928-1934 жылдары Қаратөбе ауданы 4 кластық жатақ мектебі (қазіргі Жақсыбай негізгі мектебі) мұғалімі болады. 1934-1937 жылдары Жымпиты ауданы Жымпиты үлгілі мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейін 1937-1956 жылдар аралығында Қаратөбе еліне тұрақтап, өмірінің соңғы жылдарына дейін осы елге қызмет атқарады, - деп еске алады ұрпағы.
Тарихтан белгілі болып отырғандай, кезіндегі Гурьев облысы Қызылқоға ауданындағы Қаракөл мектебінің алғашқы директоры Мейірман Бейсенов, аталмыш мектептің алғашқы мұғалімдері Хайдар Даушев, Ыбыраш Шынаров, сол мектептен тәрбиеленіп шығып, ұстаздық еткен Әбіл Ұйықов, Жолдығали Ербатыров, елге белгілі мұғалімдер Баймұқан Бейбітов, Мұхамбетияр Құлғазиевтерді Қаратөбе өңірінен бөліп қарау мүмкін емес.
Жоғарыда аты аталған ұлт зиялыларының бірі Қаратөбе ауданының тумасы болса, енді бірінің тағдырын, өмір жолын Қаратөбе ауданынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Осылайша сарғайған мұрағаттық құжаттар мен тарихи деректер алғашқы мұғалімдердің есімдерін алдымызға жайып сала берді.
Небір ұлы тұлғалар мен ұлт зиялылары шыққан Қаратөбе өңірінің біз білмейтін қазыналы тұстары қаншама?! Бұл тынымсыз ізденіс пен зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Болашақ ұрпаққа аманат!
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz